Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Шымкент қаласында кәсіптік және техникалық мамандықтардың мәртебесін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жастардың өндірістік салаға қызығушылығын арттырып, болашақ кәсіби жолын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды іс-шаралардың бірі – бүгін «Стандарт Цемент» ЖШС базасында ұйымдастырылған өндірістік танысу күні болды. Инновациялық-технологиялық колледждің студенттері әлеуетті кәсіпорынның жұмыс үдерісімен жан-жақты танысып, нақты өндіріс ортасында тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара барысында студенттер зауыттың негізгі бөлімшелеріне барып, тәжірибелі инженерлер мен технологтардың еңбегімен жақыннан танысты. Олар цемент өндірудің заманауи технологиялары, шикізатты дайындау үдерісі, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары туралы толық ақпарат алды. «Стандарт Цемент» ЖШС – бүгінгі таңда Оңтүстік өңіріндегі ірі әрі әлеуеті жоғары өндіріс орындарының бірі болып табылады. Кәсіпорын жылына 2 миллион тоннаға дейін цемент өндіруге қабілетті. Мекеменің бас технологы Асылжан Қыдырәлиев орталық басқару жүйесінің жұмысын, бақылау және автоматтандыру процестерін студенттерге түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Студенттер тәжірибе барысында цех басшыларының, механиктердің, зертхана қызметкерлерінің және сапаны бақылау мамандарының дублері ретінде жұмыс істеп көрді. Олар өндірістің кейбір қарапайым міндеттерін өз бетінше орындап, нақты еңбек жағдайын сезінді. Бұл жастар үшін теориялық білімнің практикамен ұштасуына үлкен мүмкіндік болды.
Инновациялық-технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Серікбек Есмұрзаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың кәсіби бағдарын айқындауда маңызды рөл атқарады. Оның пікірінше, студенттер өндіріс орнында өздерін сынап көру арқылы мамандыққа деген сенімдерін нығайтып, техникалық салаға қызығушылықтарын арттыра алады. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарының сұранысқа ие екеніне көз жеткізеді.
«Дублер күніне» колледждің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтарының студенттерімен қатар инженерлік және техникалық бағыттарға қызығушылық танытқан мектеп оқушылары да қатысты. Бұл – жастарға өндірістік кәсіпорынның қызметін жергілікті жерде көру, болашақ мамандық таңдауға нақты бағыт алу үшін жасалған тиімді платформа.
Іс-шара барысында студенттер еңбек қауіпсіздігі талаптары, өндірістік мәдениет және жұмыс процесін ұйымдастырумен де танысты. Кәсіпорын өкілдері жастардың техникалық салаға келуіне қолдау білдіріп, болашақта білікті кадрларды даярлау ісінде колледждермен серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Мұндай тәжірибелік танысу күндері Шымкенттегі өндіріс орындары мен оқу орындары арасындағы байланысты нығайтып, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға ықпал етеді. Жастардың өндіріс әлеміне қадам басуы – олардың кәсіби дамуына ғана емес, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға да үлес қосатын маңызды қадам.

