Өз ісіне берік білгір маман

Өз ісіне берік білгір маман

Кәлімбетов Жанатбек Мәуленұлы – Шымкент қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-де учаске шебері қызметін абыроймен атқарып жүрген тәжірибелі маман. 32 жылдық еңбек өтілі бар, саланың қыр-сырын терең меңгерген, өзінің кәсіби жауапкершілігімен танылған ол ширек ғасырдан астам уақыт бойы халыққа сапалы коммуналдық қызмет көрсетуде аянбай еңбек етіп келеді. Жанатбек Мәуленұлы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төс белгісімен марапатталған, бұл оның еңбегінің жоғары деңгейде бағаланғанының айқын дәлелі.

Жанатбек Мәуленұлы 1963 жылдың 13 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Қызылкөпір елді мекенінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұқыптылығы, еңбекке деген құрметі және техникаға қызығушылығымен ерекшеленген. 1981 жылы Түркістан индустриялды–педагогикалық техникумына оқуға түсіп, 1987 жылы «Гидромелиорациялық жұмыстарды механизациялау» мамандығы бойынша білімін аяқтап шықты. Бұл мамандық болашақ кәсіби жолының негізін қалап, инженерлік салада білікті маман болып қалыптасуына зор ықпал етті.

Еңбек жолын ол 1987 жылы СССР Мемлекеттік аграрлық өнеркәсіп комитетінде шебер қызметінен бастады. 1992 жылға дейін осы салада еңбек етіп, өндірістік процестерді ұйымдастыру, техниканы басқару және жұмысшыларға бағыт-бағдар беру бойынша тәжірибе жинақтады. Кейін түрлі кәсіпорындарда еңбек етіп, кәсіби жолын жалғастырды. «Жалын» шағын кәсіпорнында жүргізуші, «Қазығұрт-Су», «АБГАН», «Құрсай», «Метр ВРМ» ЖШС-терінде инспектор-бақылаушы қызметтерін атқарып, коммуналдық жүйелердің жұмысын бақылау және тұтынушыларға қызмет көрсету бағытында жауапты міндеттерді орындады.

2009–2010 жылдары «Шымкентмай» АҚ-да қызмет көрсету технигі болып еңбек еткен кезеңі де оның кәсіби тәжірибесін байытты. Ал 2010–2020 жылдары «Метр ВРМ» ЖШС-де учаске инженері қызметін атқарып, инженерлік басқару, техникалық бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бойынша өз біліктілігін көрсетіп, ұжымда беделге ие болды.

2020 жылдың наурыз айынан бастап «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-де учаске шебері қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді, себебі су жүйесіндегі кез келген ақау қала тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Жанатбек Мәуленұлы апатты жағдайларда шұғыл шешім қабылдап, жұмыс барысын үйлестіріп, учаске жұмысының тұрақты әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етеді. Оның жетекшілігімен көптеген нысандарда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары уақытылы жүргізіліп, мыңдаған тұрғынның суға қолжетімділігі қамтамасыз етілді.

Әріптестері Жанатбек Мәуленұлын еңбекқор, әділ, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жетекші ретінде сипаттайды. Ол жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден жалықпайды, ұжымда талапшылдық пен өзара құрмет атмосферасын қалыптастырады.

Отбасында да ол – абыройлы азамат, үлгілі әке. Жұмыс пен отбасы арасындағы үйлесімділікті сақтап, балаларын еңбекқорлық пен жауапкершілік рухында тәрбиелеуде.

Кәлімбетов Жанатбек Мәуленұлының еңбек жолы – табандылықтың, кәсібіне деген адалдықтың және ел игілігі үшін атқарылған еңбектің жарқын үлгісі. Осындай мамандардың арқасында қаладағы коммуналдық инфрақұрылым тұрақты жұмыс істеп, тұрғындардың өмір сапасы жақсарып келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...