Адал еңбек пен кәсібиліктің үлгісі – жауапкершілігі жоғары дәнекерлеуші

Адал еңбек пен кәсібиліктің үлгісі – жауапкершілігі жоғары дәнекерлеуші

Шымкент қаласының коммуналдық қызмет саласында күн сайын мыңдаған тұрғынға су беру және су бұру жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі – тек инженерлік шешімдер мен техникаға ғана емес, сондай-ақ өз ісіне адал еңбек етіп жүрген мамандардың шеберлігіне тікелей байланысты. Сол білікті мамандардың бірі – Шымкент қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында дәнекерлеуші болып еңбек ететін Абдиханов Жакыпбек Рысбекұлы.

Жакыпбек Рысбекұлы Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы, Сайхунабад ауданында дүниеге келген. 2005 жылы отбасы­мен бірге Қазақстан Республикасына қоныс аударып, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылына тұрақтады. Жаңа ортаға тез бейімделіп, еңбек етуге бел буған ол мамандығы бойынша газ-электрдәнекерлеуші болып жұмысын жалғастыруға шешім қабылдады. Өз мамандығын жетік меңгеру үшін ол үнемі ізденіс үстінде болып, тәжірибесін толықтырып отырды.

2014–2023 жылдар аралығында «Водные ресурсы – маркетинг» ЖШС-інде газдәнекерлеуші болып еңбек етті. Осы он жыл ішінде түрлі өндірістік нысандарда, магистральдық желілерде, су құбырларын қалпына келтіру жұмыстарында белсенді қызмет атқарды. Ол жоғары қысымдағы құбырларды дәнекерлеу, апатты жағдайларды жою, ескі жүйелерді жаңарту бойынша күрделі міндеттерді сапалы орындап, өз саласының шебері атанды. Жауапты жұмыстар кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, әріптестеріне үлгі болды.

2023 жылдың тамыз айынан бастап «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-нің апатты қалпына келтіру жұмыстар бөлімінің газ-электрдәнекерлеушісі қызметін атқарып келеді. Шымкент қаласы – қарқынды дамып жатқан мегаполис, мұнда жаңа ықшамаудандар, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Соған сәйкес су жүйелеріне түсетін салмақ та арта түсуде. Осындай жағдайда авариялық-қалпына келтіру бригадасының жұмысы ерекше маңызға ие. Қаланың шет аймақтарында немесе орталық бөлігінде су құбыры жарылғанда, тұрғындарға ауызсу жеткізуде қиындықтар туындағанда, ең алдымен көмекке келетіндер – дәл осы қызметкерлер.

Жакыпбек Рысбекұлы қысқа уақыт ішінде ұжым арасында беделге ие болып, іскерлігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленді. Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, қандай жағдай болмасын жұмысын соңына дейін жеткізетін маман ретінде бағалайды. Тіпті түнгі уақытта немесе демалыс күндері апатты жағдай орын алғанда да ол міндетіне адалдық танытып, тұрғындардың суға қолжетімділігін қамтамасыз етуге атсалысады.

Отбасында да үлгілі әке, сүйікті жар. Ол үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Балаларына еңбекқорлықты, адалдықты, жауапкершілікті үлгі етіп көрсетеді. «Адамның ең үлкен байлығы – адал еңбегі мен отбасының амандығы» деген өмірлік қағидасын ұстанады.

Жакыпбек Абдихановтың еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі жас мамандар үшін нағыз үлгі. Оның еңбек жолы – табандылықтың, жауапкершіліктің және қоғамға қызмет етудің жарқын көрінісі. Осындай мамандардың арқасында Шымкент қаласының су жүйесі тұрақты жұмыс істеп, тұрғындардың тұрмысы жақсарып келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...