Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарымен және ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Сапардың басты мақсаты — аймақ экономикасын нығайту, жаңа өндіріс орындарын дамыту және бизнеске қолайлы жағдай жасау болды.
Президент ең алдымен жаңа «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының терминалында болып, жолаушыларға арналған заманауи инфрақұрылыммен танысты. Жаңа нысанның өткізу қуаты жылына 500 мың жолаушыға дейін артқан.
Кейін Мемлекет басшысы Өнер орталығында облыстың даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы аймақ әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың баяндамасын тыңдады. Онда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, экологиялық бастамаларды қолдау және қала мен ауылдарды абаттандыру мәселелері қаралды.
Жиында өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған бірнеше жаңа жоба таныстырылды. Атап айтқанда, Orient Ceramic KZO қыш тақта зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кәсіпорны, Seven Rivers Technologies шыны өндірісі және Roca Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық бұйымдар шығару жобалары іске асырылуда.
Президент сонымен қатар «Қызылорда-Нан» өндірістік кешенін, жылу-электр орталығын, 11 мың орындық стадионды, үстел теннисі орталығын және тарихи-өлкетану музейін аралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың даму қарқынын жоғары бағалап, инвестициялық климатты жақсарту мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Президент тапсырмалары өңірдің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтіп, алдағы кезеңде жұмыс қарқыны одан әрі күшейетінін айтты.

