Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаланың маңызды нысандары – жаңа жылу-электр орталығы мен Тәуелсіздік даңғылының екінші кезеңін жаңғырту жұмыстарымен танысты. Бұл екі жоба да облыс экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуда ерекше маңызға ие.
Қазіргі таңда электр және жылу энергиясын өндіретін жаңа орталықтың құрылысы қарқынды жүруде. Инвестициялық жобаны түрік елінің «Aksa Energy» компаниясы жүзеге асыруда. Құны 215 миллиард теңгені құрайтын нысанға осы уақытқа дейін 178 миллиард теңгеден астам қаржы салынған. Орталықта АҚШ, Чехия, Италия және Түркияның жетекші зауыттарынан жеткізілген газ турбиналары мен бу қазандықтары орнатылып жатыр. Сонымен қатар, құрылыс материалдарының бір бөлігі жергілікті кәсіпорындардан алынған.
Жаңа орталыққа дейін 45 шақырымдық газ құбыры мен автоматтандырылған тарату станциясы салынып, бұл жұмыстарға 15 миллиард теңге бюджет қаржысы бағытталды. Бұл нысан іске қосылғаннан кейін аймақтың энергетикалық тәуелсіздігі нығайып, кәсіпорындар мен тұрғындар үшін тұрақты жылу мен жарық көзі қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік даңғылының екінші кезеңін жаңғырту да белсенді жүргізілуде. Ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын жаңа жол төрт жолақты болып кеңейтіліп, бойына жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары салынды. Биылдың өзінде облыс бойынша 329 шақырым жол мен көпір өткелдері жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.
Бұл жобалар Қызылорданың заманауи қала ретінде дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

