Түркістан: Келес ауданында 68 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылды

Түркістан: Келес ауданында 68 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылды

Түркістан облысының Келес ауданында тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың басты тетігі саналады. Соңғы жылдары ауданда электр желілерін қайта құру мен жаңарту жобалары қарқын алып, ауыл-аймақтардағы тұрмыс деңгейін жақсартуға айтарлықтай ықпал етуде.

Бүгінгі таңда Келес ауданындағы 83 елді мекеннің барлығы дерлік орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Оның ішінде 68 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылған. Бұл — соңғы жылдары жүргізілген жаңғырту мен инфрақұрылымдық жобалардың нақты нәтижесі.

Биылғы жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында ауқымды жөндеу және жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бағдарлама шеңберінде жалпы ұзындығы 19,91 шақырымды құрайтын 10–0,4 кВ электр желілері мен 7 трансформатор қондырғысына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар қараша айында толық аяқталып, аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейін 57,6 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Келестегі бірқатар елді мекендерде жаңа электр желілерін тарту жұмыстары толықтай аяқталды. Бүгінде оларды қосу және техникалық сынақтан өткізу процесі жүріп жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Лесбек батыр мен Көгерту елді мекендері, Біртілек ауылдық округіндегі Ораз ата, Игілік және Қолтоған ауылдары сапалы электрмен қамтылды. Бұл ауылдарда заманауи электр желілері тартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға тұрақты қуат көзі жеткізілді.

Энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары алдағы жылы да өз жалғасын табады. Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол және Қауыншы елді мекендерін сапалы электрмен қамту жобасы 2025 жылдың қаржы жоспарына енгізілген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық басталды. Бұл жобалар жүзеге асқаннан кейін аталған ауылдардағы тұрғындардың тұрмыстық және әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ақжар және Көкбұлақ ауылдарына арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Бұл құжаттар бекітілген соң, келесі кезеңде нақты құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ Ошақты ауылдық округіндегі Саңырау мен Қоңыртөбе, Бірлік ауылдық округіндегі Үшағаш, Жүзімдік ауылдық округіндегі Ақсу елді мекендерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған жобалар да дайындалған.

Жобалардың негізгі мақсаты — аудан халқын сапалы және үздіксіз электр қуатымен қамту арқылы әлеуметтік тұрақтылық пен өндірістік әлеуетті арттыру. Қазіргі таңда аудандық әкімдік пен энергетика саласының мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстап отыр. Әрбір жобаның мерзімінде әрі сапалы орындалуына ерекше мән берілуде.

Энергетикалық жүйені жаңғырту тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларының дамуына да жол ашады. Электр қуатының тұрақтылығы жаңа өндірістік нысандардың ашылуына, тұрмыстық қызмет көрсету орындарының кеңеюіне және ауылдық аумақтардың инфрақұрылымдық тұрғыда дамуына мүмкіндік береді.

Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдің барлық елді мекендерін біртіндеп сапалы энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, келесі жылдары ауданның барлық елді мекендері толық жаңартылған электр жүйесіне қосылады деп күтілуде.

Түркістан облысының энергетикалық инфрақұрылымын дамыту — өңірдің стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы арқылы аймақтың тұрақты дамуына, тұрғындардың өмір сапасының артуына және экономикалық белсенділіктің күшеюіне кең жол ашылмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...