Түркістан облысы тоғыз айдағы экономикалық өсім бойынша республикада екінші орынға шықты

Түркістан облысы тоғыз айдағы экономикалық өсім бойынша республикада екінші орынға шықты

Түркістан облысында 2024 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, оң қарқын байқалды. Облыс әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде өңірдің экономикалық көрсеткіштері, аудан және қала әкімдіктері мен басқармалардың қызмет тиімділігі талқыланды. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жоспарды орындамаған әкімдіктер мен басқармаларға нақты сын-ескертпе жасап, жыл соңына дейін көрсеткіштерді жақсарту бойынша тапсырмалар берді.

Облыс басшысы өз сөзінде Түркістан облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
– Биылғы тоғыз айдың қорытындысына сәйкес, өңір экономикасы оң серпінмен дамып келеді. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша екінші орынға шықты. Бұл – Үкімет бекіткен межеге толық қол жеткізілгенін білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық өсімді 7 пайызға дейін жеткізу тапсырмасы біздің өңірде тиімді орындалып отыр, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы нақты нәтижелерді де атап өтті. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 855,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім 101,5 пайыз деңгейінде болса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 триллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 412 миллиард теңгеге жетіп, 25,5 пайыз өсім тіркелді. Сауда және байланыс салаларында да тұрақты даму байқалады.

Сонымен қатар облыс әкімі кейбір аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың индикаторларды толық орындай алмай отырғанын сынға алды.
– Бізге тек уәде емес, мәселенің нақты шешу жолдары қажет. Аудан әкімдері мен басқарма басшылары өз бағыттары бойынша нақты талдау жасап, көрсеткіштердің неге төмендегенін түсіндіріп, жағдайды жақсарту жоспарын ұсынуы тиіс. Жыл соңында рейтингтің төменгі сатысында қалған әкімдіктер мен басқармаларға қатысты нақты шешімдер қабылданады, – деді өңір басшысы.

Жиында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбеков 9 айдың қорытындысы бойынша талдау нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, аудан және қала әкімдері мен басқармалардың жұмыс тиімділігін бағалау 9 блоктан және 97 негізгі индикатордан тұратын кешенді жүйе арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар жыл басында басқармалардың ұсыныстары негізінде қосымша 8 жаңа индикатор енгізілген.

2024 жылдың тоғыз айына жоспарланған 87 индикатордың басым бөлігі орындалған. Талдау нәтижесі бойынша аудан және қала әкімдерінің рейтингінде алғашқы үштікке Төлеби ауданы, Түркістан қаласы және Жетісай ауданы енді. Бұл өңірлер әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп, тиімді жұмыс жүргізіп отырған әкімдіктер ретінде танылды.

Ал көрсеткіштері төмен аудандар қатарында Мақтаарал, Бәйдібек және Келес аудандары аталды. Бұл аймақтарда жоспарланған кейбір индикаторлар уақытылы орындалмаған. Сонымен бірге, алты аймен салыстырғанда Төлеби, Жетісай және Сарыағаш аудандарының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарғаны атап өтілді.

Басқармалар арасында Ветеринария басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, сондай-ақ Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы оң нәтиже көрсеткен. Бұл құрылымдар өз салаларында көрсеткіштерді арттырып, өңірлік даму қарқынына үлес қосқан.

Түркістан облысы соңғы жылдары ел экономикасының өсім орталықтарының біріне айналып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамып, құрылыс, қызмет көрсету және сауда салаларында айтарлықтай серпіліс байқалуда. Инвестициялық жобалар санының көбеюі мен кәсіпкерлікті қолдау шараларының күшеюі аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруда.

Облыс басшысы жиын соңында өңір әкімдеріне және басқарма жетекшілеріне жыл соңына дейін барлық индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, жұмыс орындарын көбейту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Түркістан облысының тоғыз айдағы экономикалық өсімі – өңірдің тұрақты дамуының айғағы. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта да сақталса, жыл қорытындысымен облыс республикадағы үздік аймақтардың қатарынан табылары сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...