Түркістан: Мақтаарал мен Жетісай аудандарында бірнеше ауыл көгілдір отынға қосылды

Түркістан: Мақтаарал мен Жетісай аудандарында бірнеше ауыл көгілдір отынға қосылды

25 қазан – Республика күні қарсаңында Түркістан облысының оңтүстігінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған тағы бір маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асты. Мақтаарал мен Жетісай аудандарында бір апта ішінде бірнеше елді мекен табиғи газға қосылып, жүздеген отбасы көптен күткен «көгілдір отынның» игілігін көре бастады.

Мақтаарал ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас елді мекенінде 2 мыңға жуық тұрғынның тұрмысын түбегейлі өзгертетін тарихи сәт болды. Ауылға табиғи газ беріліп, тұрғындар үшін өмір сүру сапасы мен тұрмыстық жағдайды жақсартуға жаңа мүмкіндік туды. Бұл – экологиялық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тиімді жоба. Енді Өргебас тұрғындары бұрынғыдай қатты отынға тәуелді болмай, экологиялық таза әрі үнемді энергия көзін пайдаланатын болады.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков қатысып, ауыл тұрғындарын Республика күнімен және жаңа газ жүйесінің іске қосылуымен құттықтады. Ол бұл жобаның ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Газдандыру – халықтың өмір сапасын арттырумен қатар, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.

Іс-шара барысында мамандар ауыл тұрғындарына газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, ақпараттық жаднамалар таратты. Тұрғындар да бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдап, қолдау көрсеткен облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ қаржы бөлуде ерекше үлес қосқан облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Қанаевқа алғыстарын білдірді.

Мақтаарал ауданында газдандыру бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары қарқын алып келеді. Бүгінде аудандағы 68 елді мекеннің 58-і табиғи газ жүйесіне қосылған, бұл – жалпы ауылдардың 85 пайызы. Қалған елді мекендерде құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жоспар бойынша, 2026 жылдың соңына дейін аудан толықтай табиғи газбен қамтылатын болады. Бұл өңір халқы тығыз орналасқан, әлеуметтік маңызы зор аймақ үшін айтарлықтай жетістік болмақ.

Сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай ауданында да газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Бір аптаның ішінде ауданның үш бірдей елді мекені табиғи газға қосылды. Солардың бірі – Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Сәкен Сейфуллин елді мекені. Мұнда 2055 тұрғыны бар ауыл үшін 21,7 шақырымдық газ құбыры тартылып, 269 үй көгілдір отын пайдалануға мүмкіндік алды.

Жобаның жалпы құны 414 миллион 443 мың теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «РемСтрой» ЖШС өндірістік кестеге сай орындаған. Елді мекеннің газға қосылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков және жауапты сала басшылары қатысты.

Шарада аудан әкімі Серік Мамытов сөз сөйлеп, газдандырумен қатар, округтің басқа да әлеуметтік бағыттарында бірқатар жобалардың іске асырылып жатқанын айтты. Оның ішінде Бәйтерек ауылын ауыз сумен қамту мақсатында Жазықсай елді мекенінен су құбыры тартылғанын, Жүзтерек көшесінің орта жөндеуден өткенін, сондай-ақ Үтіртөбе елді мекенінде жаңа ұңғыма қазылып, оны орталық су желісіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, округ аумағында әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асуда: Арай ауылында ойын алаңы мен саябақ ретке келтірілсе, Абай елді мекенінде аяқжол салу басталған. Ал Жаңа дәуір ауылында тұрғындар үшін жаңа футбол алаңы салынды. Бұл жұмыстар халықтың бос уақытын тиімді өткізуге және ауылдық жерлерде өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Сейфуллин ауылындағы газ жүйесінің іске қосылуы – Жетісай ауданында бір аптаның ішінде газға қосылған үшінші нысан. Бұл ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы жоспарлы жұмыстың айқын нәтижесі.

Жалпы Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен және сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл шаралар ел Президентінің «Халықтың әл-ауқатын арттыру және өңірлік теңгерімді дамыту» тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.

Мақтаарал мен Жетісай аудандарындағы соңғы жетістіктер – Түркістан облысының әлеуметтік дамуының нақты көрінісі. Табиғи газдың келуі ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің экологиялық және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге де елеулі үлес қосады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ