Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Түркістан облысында кеңінен қолдау табуда. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны жақсарту және санитарлық тазалықты күшейту мақсатында өңірдің барлық аудандарында ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Солардың ішінде Төлеби және Жетісай аудандарында өткен тазалық акциялары ерекше серпін берді.
Төлеби ауданында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың бастамасымен өткен жалпыаудандық сенбілікке 2500-ге жуық тұрғын қатысты. Кемеқалған ауылдық округінде ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Қайратұлы, әкім аппаратының басшысы Амалбек Өміртай және мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен ауыл тұрғындары белсене атсалысты.
Сенбілік барысында округ аумағына кіреберіс қақпадан бастап Ақбастау және Ұйымшыл елді мекеніне дейінгі 12 шақырым жол бойы күл-қоқыстан тазартылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Тазалық жұмыстарына Леңгір қаласы мен Киелітас ауылдық округінен де техникалық көмек көрсетілді. Нәтижесінде 26 техника бірлігі жұмылдырылып, жалпы көлемі 18,5 тонна қоқыс сыртқа шығарылды.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға зор ықпал етеді. «Таза орта – денсаулығымыздың кепілі. Әр адам өз ауласын таза ұстаса, туған жеріміз көркейе түседі», – дейді сенбілікке қатысқан тұрғындар.
Ал Жетісай ауданында өткен сенбілік те ауқымы мен ұйымдастырылу деңгейі бойынша жоғары бағаға ие болды. Мұнда аудан әкімі Серік Мамытов бастаған мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары белсенділік танытты. Тазалық жұмыстарына 2,5 мыңға жуық адам қатысып, 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Жетісайлықтар қала мен ауылдық округтер аумағындағы көшелерді, кенттер мен республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды күл-қоқыстан тазартты. Бір күн ішінде жүздеген тонна тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға жеткізілді. Сенбілікке қатысқан аудан тұрғындары бұл бастаманы қоршаған ортаға деген қамқорлық пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі ретінде бағалады.
Жетісай ауданында бұған дейін де тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі шаралар атқарылып келеді. Аудан әкімінің тапсырмасымен коммуналды сала қызметкерлері, ауыл билері мен аудандық полиция бөлімі өкілдерінің қатысуымен арнайы жиындар ұйымдастырылған болатын. Бұл кездесулерде тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтау, қоқысты бейберекет тастамау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қоғамдық орындар мен жаяу жүргіншілер көп жүретін аймақтарға экологиялық үнпарақтар ілініп, тазалық сақтау ережелерін еске салатын ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен қатар, рұқсатсыз қоқыс тастау фактілерінің алдын алу үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл шаралар аудан аумағында санитарлық жағдайды тұрақтандырып, тұрғындардың мәдениеттілік деңгейін арттыруға оң әсер етуде.
Жетісай мен Төлеби аудандарындағы сенбіліктер өңір тұрғындарының белсенділігі мен бірлігін көрсетті. Табиғатты қорғау ісіне қоғамның барлық өкілдері – мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, жастар, еріктілер мен қарапайым тұрғындар жұмылған. Бұл өңірдегі экологиялық бастамалардың тұрақты әрі нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды.
Түркістан облысында соңғы айларда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 200-ден астам сенбілік өткізіліп, 170 тоннадан астам қоқыс жиналды. Жүздеген гектар аумақ абаттандырылып, мыңдаған түп ағаш көшеттері отырғызылды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы – тек бір реттік экологиялық акция емес, ол – қоғамның экологиялық санасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді жоба. Түркістан облысының тұрғындары бұл бастаманы өмір салтына айналдыруға ниетті. Тазалық пен тәртіп – өңірдің дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды бөлігі.

