Қазіргі таңда Қазақстанда еңбек саясатын жетілдіру және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – әлеуметтік-экономикалық дамудың басты бағыттарының бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, бұл саланы жүйелі қолдау елдің тұрақты дамуының кепілі екенін атап өтті.
Шымкент қаласы мысалында еңбек нарығындағы өзгерістер мен еңбекке ынтаны арттыруға бағытталған нақты нәтижелерді байқауға болады. 2025 жылдың өзінде қала бойынша 1 592 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасты, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында тағы 330 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіш жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, еңбекке алғашқы қадам жасаған буынның әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарды.
Мұндай бағдарламалар тек уақытша жұмыспен қамту емес, жастардың кәсіби дағдыларын дамыту мен тәжірибе жинақтауына жол ашады. Мәселен, «Назар Текстиль» фабрикасында жұмыс істейтін жас маман Нұрсұлу Оразалы мемлекеттік бағдарлама аясында еңбек жолын бастаған. Бұл мысал еңбекке баулудың және нақты қолдаудың жастар өміріндегі оң нәтижесін көрсетеді.
Жұмыспен қамту саясатының тағы бір маңызды бағыты – кәсіби даярлық пен қайта оқыту жүйесін жетілдіру. 2025 жылы Шымкент қаласында 760 адам жаңа кәсіпті меңгеруге жолданған, оның 600-і білім беру ұйымдарында, ал 160-ы тікелей өндірістік база жағдайында оқып жатыр. Мемлекет тарапынан шәкіртақы қарастырылып, оқушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көңіл бөлінген. Бұл – кадрларды даярлаудың жаңа моделі қалыптасып келе жатқанын білдіреді.
Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қамсыздандыру да назардан тыс емес. Пробация қызметі есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айырылған азаматтарды еңбекке тарту – бұл саясаттың әлеуметтік әділдік қағидатына негізделген айқын көрінісі. Мәселен, қалада аталған санаттағы азаматтарға арналған 96 жұмыс орны белгіленіп, олардың бір бөлігі тұрақты қызметке орналастырылды. Мұндай бастамалар қоғамдағы әрбір адамның еңбек арқылы бейімделуіне мүмкіндік беріп отыр.
«Таза Қазақстан» акциясы сияқты экологиялық бастамалар да еңбек мәдениетін қалыптастырудың бөлігі болып табылады. Бұл науқандар кезінде 643 мыңнан астам тұрғын қала тазалығына үлес қосып, еңбекке деген құрметтің қоғамдық сипат алуына әсер етті.
Жалпы, еңбек саясаты – тек экономикалық көрсеткіш емес, ол қоғамдағы моральдық құндылықтардың да айнасы. «Еңбек адамы» бейнесін дәріптеу, еңбекке адалдық пен кәсібилікті үлгі ету – ұлттың болашағына салынған инвестиция.

