Түркістан облысы: Созақ ауданында демеушілік есебінен 5 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілуде

Түркістан облысы: Созақ ауданында демеушілік есебінен 5 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілуде

Түркістан облысының Созақ ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бастама халықтың өмір сапасын арттыру мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Созақ аудандық әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық аясында кәсіпорынның демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау ауылдарында қосымша ұңғымалар қазу жұмыстары қолға алынды. Бұл жобалар өңірдегі ауыз су тапшылығын жоюға және елді мекендердің тұрақты сумен қамтылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Бабата ауылында 507 метр тереңдікте бұрғыланған ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық су алынып отыр. Бұл көрсеткіш ауыл халқының толық қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті. Тұрғындар көптен күткен таза суға қол жеткізіп, ауылда қуанышты көңіл-күй орнады. Сонымен қатар дәл осы ауылда екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары жалғасуда – оның тереңдігі 400 метрге жеткен.

Жұмыстар тек Бабатада ғана емес, Қызылкөл және Құмкент ауылдарында да қарқынды жүргізілуде. Бұл елді мекендерде ұңғымаларды 350 метр тереңдікке дейін қазу жоспарланып отыр. Сарапшылардың айтуынша, жер асты суы мол аймақтарда бұрғылау жұмыстарын сапалы жүргізу ауылдардың тұрақты су көзін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал Қаратау және Қарақұр ауылдарында алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке дейін қазылып, қазір су көздерін тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жер асты суының сапасы мен көлемі анықталып, техникалық параметрлер нақты бекітіледі. Алдағы уақытта Қарақұрда қосымша 180 метрлік, Қаратауда 780 метрлік жаңа ұңғымалар бұрғыланбақ.

Аталған жұмыстардың барлығы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының әлеуметтік жауапкершілік саясаты шеңберінде жүзеге асуда. Кәсіпорын ауылдық аймақтардағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жобаларды қолдап келеді. Бұл жолы да компания аудан әкімдігінің ұсынысын қабыл алып, өңір халқының өзекті мәселесіне нақты көмек көрсетті.

Бұған дейін осы ауылдарда жаз айларында ауыз су тапшылығы жиі туындап, тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген болатын. Әсіресе аптап ыстық кезеңінде су көлемі азайып, кейбір үйлерге тәулік бойы су жетіспеушілігі байқалған. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін табуда.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, демеуші есебінен жүргізіліп жатқан бұрғылау жұмыстары аудан бюджетінен қосымша қаржы шығармай-ақ, халықтың басты қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беріп отыр. Әрбір жаңа ұңғыма заманауи сүзгі жүйелерімен жабдықталып, санитарлық талаптарға толық сай болады.

Ауыл тұрғындары бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдады. Олар үшін таза ауыз судың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасын арттырудың ең маңызды факторы. Көптеген тұрғындар бұрын суды тасымалдап пайдаланып келген болса, енді үйлеріне тұрақты су жеткізіледі.

Аудан әкімі мен жергілікті билік өкілдері демеушілік көмек аясында басталған бұл жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Алдағы уақытта өңірдің басқа да елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасады.

Созақ ауданындағы бұл тәжірибе – мемлекеттік құрылымдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы тиімді серіктестіктің нақты мысалы. Мұндай бірлескен жобалар ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына жол ашады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...