Түркістанда «Таза Қазақстан» сенбілігі: аймақ басшысы мен тұрғындар табиғатты қорғауға үлес қосты

Түркістанда «Таза Қазақстан» сенбілігі: аймақ басшысы мен тұрғындар табиғатты қорғауға үлес қосты

Түркістан облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Бұл шара өңір халқын біріктіріп, табиғатты аялауға деген жауапкершілікті арттырды. Жалпы облыс көлемінде өткен тазалық акциясына 50 мыңнан астам тұрғын қатысып, 17 мың ағаш көшеті егілді.

Түркістан қаласында өткен сенбілікке облыс әкімі Нұралхан Көшеров те қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызды. Аймақ басшысы қаладағы «Парасат» саябағының аумағында өткізілген экологиялық шара барысында аға буын, зиялы қауым және жастармен бірге жұмыс істеді. Ол табиғатты қорғау мен жасыл аймақты көбейту — қоғамның ортақ ісі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бәріміз үшін маңызды. Қоршаған орта таза болса, қоғам тазарады. Ағаш егіп, айналаны таза ұстау әрбір тұрғынның міндеті болуы керек. Бүгінгі экологиялық іс-шараде белсенділік танытқан ардагерлерге, жастарға, тазалық мекемесінің қызметкерлеріне, тұрғындарға алғысымды білдіремін,», – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Сенбілік аясында Түркістан қаласы мен барлық аудан орталықтарында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Көшелер мен саябақтар, өзен жағалаулары, мектеп пен аурухана аумақтары тазартылып, қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында тұрғындарға арнап түсіндіру буклеттері таратылып, жастар еріктілерінен құралған экотоптар да белсенділік танытты.

«Парасат» саябағында сенбілік ерекше рухта өтті. Мұнда 120 жаңа көшет отырғызылып, саябақтың жасыл аймағы едәуір ұлғайды. Көшет егу шарасына қала тұрғындары, оқушылар мен еріктілер ұйымдары да қатысып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты. Белсенді қатысушылардың бірі, мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева бұл шараның тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті:
«Бүгін ардагерлер мен аналар кеңесінің мүшелері болып, туған қаламызды көркейтуге үлес қосуға келдік. Немеремді де ертіп әкелдім. Табиғатты аялау – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жауапкершілік. Барша түркістандықтарды осындай игі бастамаларға қатысуға шақырамын», – деді ол.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс бойынша жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірдің барлық аудан-қалаларында экологиялық айлықтар, тазалық рейдтері және ағаш отырғызу акциялары тұрақты өткізіледі. Бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, тұрмыстық қалдықтарды азайту және табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану.

Сенбілікке қатысқан жастар ұйымдары мен еріктілер қозғалысы өкілдері бұл шараның экологиялық қана емес, әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті. Себебі мұндай бастамалар қоғамда өзара түсіністік пен бірлікті нығайтып, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады.

Түркістан өңірі соңғы жылдары экологиялық жобалар мен көгалдандыру шараларын белсенді жүргізіп келеді. Қала көшелерінде жаңа жасыл аймақтар пайда болып, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың маңайында гүлзарлар мен шағын саябақтар көбейді. Бұл тек өңірдің көріктілігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да әсер етуде.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімдігі мен жергілікті қоғамдастықтар өзара тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырмақ. Алдағы уақытта да экологиялық акциялар мен ағаш отырғызу науқандары тұрақты түрде өткізіліп, Түркістанды жасыл әрі таза қалаға айналдыру бағытындағы шаралар күшейтіледі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...