Шымкент қаласында 2025 жылғы 11 қазанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Бұл шараның басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау мәдениетін нығайту, экологиялық жауапкершілікті арттыру және қала көшелерінің тазалығы мен көркін сақтау.
Қала бойынша ұйымдастырылған сенбілікке барлық аудан әкімдіктері, басқармалар, кәсіпорындар мен тұрғындар белсенді қатысты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің және Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда ирригациялық арықтарды, аяқжолдарды және тұрғын үй аулаларын қоқыстан тазартып, жасыл желектердің айналасын ретке келтірді. Сенбілік барысында қызметкерлер қала көшелерін көркейтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Абай ауданында тазалық жұмыстары ауқымды түрде жүргізілді. Аудан бойынша жалпы 19 470 адам мен 54 техника жұмылдырылып, 146 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілікке әкімдік пен басқармалар, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар, тұрғындар мен жастар ұйымдары белсене атсалысты. Қызметкерлер мен еріктілер жолдар мен аяқжолдарды жуу, ағаш бұтақтарын кесу, қураған шөптерді шабу, қоқыс алаңшаларын тазалау және аулаларды абаттандыру жұмыстарын атқарды.
Тұран ауданында да тазалық шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұнда 18 930 адам мен 40 техника қатысып, 62 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілікке аудан әкімдігі, мемлекеттік органдар, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар, сондай-ақ белсенді тұрғындар атсалысты. Қатысушылар ағаштарды қырқу, дәнекерлеу, сырлау және жалпы тазалық жұмыстарын жүргізіп, аудан келбетін айтарлықтай жақсартты.
Сондай-ақ Шымкент қаласының жастар ұйымдары да бұл бастамадан тыс қалған жоқ. «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері Еңбекші ауданында сенбілікке шығып, 47 килограмм қоқыс жинады. Жастардың белсенді қатысуы қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген қамқор көзқарасты насихаттауға зор үлес қосты.
Жалпы сенбілік барысында қала аумағында бірнеше жүздеген тонна қоқыс шығарылып, ондаған мың тұрғын табиғатты қорғауға бағытталған ортақ іске қатысқанын көрсетті. Бұл — тек тазалық жұмысы ғана емес, экологиялық сана мен азаматтық жауапкершілікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
«Таза қала — жарқын болашақ» ұранымен өткен сенбілік тұрғындарға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын еске салды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, Шымкенттің экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталмақ. Тазалық — әр азаматтың ортақ парызы, ал табиғатқа қамқор болу — келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

