Түркістан облысы ауыл шаруашылығын индустриялық тұрғыдан дамыту бағытында тағы бір маңызды қадамға көшті. Өңірде мақта, күріш және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауға арналған заманауи техникаларды құрастыратын жаңа зауыттың құрылысы басталмақ. Бұл бастама аграрлық секторды технологиялық жаңғыртудың және отандық өндірісті дамытудың нақты көрінісі болмақ.
Жоба Түркістан қаласындағы өндірістік парк аумағында жүзеге асырылады. Осыған байланысты облыс әкімі Нұралхан Көшеров «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті Динара Шүкіжановамен кездесті. Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы техникасын жергілікті деңгейде құрастыруға бағытталған инвестициялық жобаның егжей-тегжейін талқылап, ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.
Кездесуде облыс әкімі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін атап өтіп, жаңа жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. «Түркістан облысы климаттық жағдайы мен еңбек ресурстарының әлеуеті тұрғысынан ауыл шаруашылығын дамыту үшін ең қолайлы аймақтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігімен тікелей байланысты стратегиялық сала деп атап өтті. Сондықтан біз үшін ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу мен өндіріс тиімділігін арттыру – басты міндет», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Өз кезегінде «АгромашХолдинг KZ» компаниясының президенті Динара Шүкіжанова Түркістан өңірінің агроөнеркәсіп әлеуетін жоғары бағалап, жобаны іске асыруға толық дайын екенін айтты. Оның айтуынша, Түркістанның қолайлы географиялық орналасуы мен дамыған логистикасы зауыттан шыққан техниканы оңтүстік өңірлерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл өндіріс пен сату тізбегін оңтайландырып, фермерлер үшін ауыл шаруашылығы машиналарына қолжетімділікті арттырады.
Аталған жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті. Инвестор ретінде «Jer Arys Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталса, жобаны толық сүйемелдеу және үйлестіру «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан жүргізілмек. Бұл құрылымдардың бірлесе әрекет етуі жобаның іске асу қарқынын жылдамдатып, оның табысты жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Жаңа зауыттың іске қосылуы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен маңызға ие. Өңір аграрлық әлеуеті бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұр. Мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялардың арқасында соңғы жылдары ауыл шаруашылығына құйылатын қаржы көлемі айтарлықтай өсті. Биылдың алғашқы сегіз айының өзінде агроөнеркәсіп саласына 125 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім.
Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығында 17 487 түрлі техника қолданыста бар. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде биыл шаруа қожалықтары 2,8 миллиард теңге көлемінде қаржыға 618 жаңа техника сатып алған. Дегенмен, ауыл шаруашылығында техниканың тозу деңгейі әлі де жоғары. Сондықтан өңірде жергілікті өндіріс орындарының ашылуы – сала үшін стратегиялық маңызды шешім.
Жаңа зауыт іске қосылған жағдайда Түркістан облысы ғана емес, көршілес өңірлердің шаруалары да жергілікті жерде шығарылған техниканы қолжетімді бағамен ала алады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып, еңбек өнімділігін едәуір жоғарылатады. Сонымен қатар, зауыттың ашылуы жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосады.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласын индустрияландыру бағытындағы бұл жоба Қазақстанның ауылдық инфрақұрылымын жаңғыртудың нақты үлгісіне айналмақ. Отандық өндірісті дамыту арқылы өңір аграрлық техниканың негізгі орталығына айналып, еліміздің агроөнеркәсіп саласына жаңа серпін береді.

