Түркістан облысында энергетика және көлік логистикасы саласын дамытуға бағытталған жаңа ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ильдар Шамсутдиновпен кездесу өткізіп, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында облыс басшысы Мемлекет басшысының көлік және логистика саласын жетілдіруге қатысты тапсырмаларын атап өтті. «Президент Жолдауында көлік дәліздерін дамыту мен энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Түркістан облысы географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан аймақ, сондықтан логистика мен транзиттік жүк тасымалын арттыруға зор мүмкіндік бар. Сіздердің ұсынып отырған мұнай өнімдерін сақтайтын қойма жобаларыңыз өңір экономикасы үшін де, жалпы еліміз үшін де ерекше маңызды. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Түркістанның халықаралық көлік торабы ретіндегі әлеуеті күшейіп, көрші елдермен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі», – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа жоба бойынша Түркістан облысында ірі жанар-жағармай және мұнай өнімдерін сақтайтын заманауи қойма салынады. Бұл нысан өңірдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, логистика және авиация саласының дамуына серпін береді. «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясының бас директоры Ильдар Шамсутдиновтің айтуынша, жобаның жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайды, ал оны іске асыру мерзімі 2026–2028 жылдарға жоспарланған.
Қойманың резервуарлық паркі (мұнай базасы) 20 мың текше метр мұнай өнімін сақтай алады. Оның ішінде 12 мың текше метрі авиаотынға арналған. Бұл жоба аймақ үшін стратегиялық маңызға ие, себебі Түркістан халықаралық әуежайының жұмысы кеңейіп, жолаушы және жүк тасымалының көлемі жылдан-жылға артып келеді. Авиациялық отын инфрақұрылымын жаңарту арқылы облыс халықаралық авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сай қызмет көрсететін аймақтық хабқа айналмақ.
Инвестициялық жоба тек инфрақұрылымдық тиімділікті ғана емес, әлеуметтік-экономикалық оң әсерді де қамтамасыз етеді. Нысанның құрылысы мен кейінгі қызмет көрсету кезеңінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артады. Сонымен қатар, Түркістан облысы үшін бұл жоба отын тасымалдауға кететін шығындарды азайтып, өңірлік энергетикалық тәуелсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тараптар жобаны тиімді әрі уақтылы жүзеге асыру мақсатында жол картасын әзірлеу туралы уағдаласты. Бұл құжатта жобаны іске асырудың кезеңдері, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, рұқсат беру рәсімдері мен жер мәселелері нақты көрсетілетін болады. Облыс әкімдігі өз тарапынан инвесторларға барынша қолдау көрсетіп, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді міндетіне алды.
Ильдар Шамсутдинов өз кезегінде компанияның Түркістан өңірімен ұзақмерзімді серіктестік орнатуға ниетті екенін айтты. Оның сөзінше, «ҚазМұнайГаз-Аэро» тек мұнай өнімдерін сақтаумен шектелмей, авиаотынның сапасын арттыру, логистикалық қызмет көрсету мен өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру бағытында да жұмыс жүргізеді. Бұл өз кезегінде аймақтың әуе және жер үсті көлік жүйесінің біртұтас дамуына ықпал етеді.
Облыс әкімдігі мен компания арасындағы ынтымақтастық өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, Түркістанды энергетикалық және көлік хабына айналдыру стратегиясына сай келеді. Қойманың салынуы – Қазақстанның оңтүстігіндегі ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі болмақ.
Түркістан бүгінде еліміздің экономикалық және логистикалық орталығына айналып келеді. Мұнай өнімдерін сақтайтын қойманың салынуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктердің жолын ашады. Бұл бастама – өңірдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған нақты қадам және мемлекеттік-инвестициялық серіктестіктің табысты үлгісі болмақ.

