Түркістанда инвестициялық серпін: «Бәйтерек» холдингімен ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктер ашады

Түркістанда инвестициялық серпін: «Бәйтерек» холдингімен ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктер ашады

Түркістан облысында экономикалық өсімнің басты тетіктерінің бірі – инвестициялық саясатты жүйелі жүргізу және нақты жобаларды қаржыландыру. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шайхы Жандоспен кездесті. Басқосуда өңірдің инвестициялық әлеуеті, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен олардың қаржыландыру тетіктері талқыланды.

Кездесу барысында тараптар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бизнеске қолдау көрсету тетіктеріне ерекше назар аударды. Аймақ экономикасын әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жоспарлар егжей-тегжейлі қаралды. Нұрбол Тұрашбеков өңірде инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты шаралар қолға алынғанын айтып, «Бәйтерек» холдингімен серіктестік өңірдің дамуына қосымша серпін беретінін атап өтті.

Биылдың өзінде облыс бойынша 33 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 4793 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 48 жобаға жетіп, өңірде тағы жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. 2028 жылға дейін облыста жалпы саны 111 инвестициялық жобаны қамтитын ірі пул қалыптастырылған. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал 2024 жылы іске қосылған 16 жоба 1358 азаматты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етті.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары қаржыландыру барысында кездесетін түйткілдерге де тоқталды. Әсіресе, кейбір аудандарда қаржылық сауаттылықтың төмендігі мен жобаларды несиелеу шарттарының күрделілігі бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырғанын айтты. Осыған байланысты халық тығыз орналасқан аудандарда арнайы кеңселер мен кеңес беру орталықтарын ашу ұсынылды. Мұндай орталықтар кәсіпкерлерге жобаны әзірлеу, қаржы тарту және жеңілдетілген несие алу жолдарын түсіндіруге көмектесетін болады.

Өз кезегінде Шайхы Жандос облысқа сапары кезінде өңірдің өндірістік нысандарын, мақталы алқаптарды аралап, жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларымен танысқанын жеткізді. Оның айтуынша, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті жоғары, ал табиғи және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері – өңірдің басты артықшылығы.

Жыл басынан бері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі арқылы Түркістан облысынан ұсынылған жалпы құны 500,8 млрд теңгені құрайтын алты жоба мақұлданған. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешен салаларын қамтиды. Холдинг басшылығы шағын және орта бизнесті қолдау бағытында ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенін білдірді.

Кездесуде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін жеңілдетілген несиелердің шарттары мен құқықтық нормалары талқыланды. Тараптар бұл бағыттағы жұмысты барынша ашық және тиімді ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, өңір кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін жаңа қаржылық өнімдер енгізу мәселесі қаралды.

Келіссөздердің қорытындысында Түркістан облысы әкімдігі мен «Бәйтерек» холдингі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен жобаларды қаржыландыруды жеңілдетіп, өңір экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының соңғы жылдардағы даму қарқыны оның инвестициялық ортасын тартымды ете түсті. Инфрақұрылымның жаңаруы, индустриялық аймақтардың көбеюі және аграрлық сектордағы реформалар – осының айқын дәлелі. «Бәйтерек» холдингімен серіктестік нәтижесінде ауыл шаруашылығынан бастап өңдеу және логистика салаларына дейінгі түрлі бағыттарда жаңа жобалар іске қосылмақ.

Кездесу Түркістан өңірінің инвесторлармен байланысын нығайтып қана қоймай, кәсіпкерлерге нақты қаржылық қолдау көрсетудің жаңа кезеңін бастады. Бұл – аймақ экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...