«AQ-DALA» мақташылар фестивалі: Түркістан облысы ауыл шаруашылығында жаңа дәуір басталды

«AQ-DALA» мақташылар фестивалі: Түркістан облысы ауыл шаруашылығында жаңа дәуір басталды

Түркістан облысының Отырар ауданында өткен «AQ-DALA» мақташылар фестивалі биылғы ауыл шаруашылығы маусымындағы ең ауқымды әрі мазмұнды шаралардың біріне айналды. 7 қазан – Дүниежүзілік мақта күніне арналған бұл фестиваль тек кәсіби мереке ғана емес, сондай-ақ ауыл еңбеккерлерінің еңбегін дәріптеу, жаңа технологияларды насихаттау және өңірдің мақта саласындағы жетістіктерін көрсету алаңы болды.

Іс-шара аясында егіс алқабына экскурсия ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы техникасы мен мақта шаруашылығына арналған жаңа агротехнологиялар көрмесі өтті. Бұл көрме шаруаларға инновациялық тәсілдердің тиімділігін көзбен көруге мүмкіндік берді. Жаңа үлгідегі комбайндар, су үнемдеу жүйелері және жоғары өнімді тұқымдар өңір диқандарының ерекше қызығушылығын тудырды.

Фестивальдің салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы мақта шаруашылығының аймақ экономикасындағы маңыздылығын атап өтті. «Мақта – біздің өңірдің берекелі дақылы. Ол тек тоқыма өнеркәсібінің шикізаты ғана емес, мыңдаған отбасының күнкөріс көзі. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл саланы жаңа деңгейге көтеруге ерекше назар аударылып отыр. Ендігі мақсат – шикізатты терең өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Түркістан облысы бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізе бастады», – деді әкім.

Аймақ басшысы сөзінде Президенттің ауыл шаруашылығын жаңғырту және суармалы жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмаларының жүйелі түрде орындалып жатқанын айтты. «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеуге бағытталған көпсалалы өндірістік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Онда толық циклды тоқыма фабрикасы іске қосылады: жіп иіру, мата тоқу, бояу және өңдеу жұмыстары бір орталықта жүргізіледі. Алғашқы жіп иіру фабрикасы биылғы қараша айында пайдалануға берілмек. Бұл кәсіпорын жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр мата және 7 миллион дана төсек-орын өнімін шығара алады. Осылайша «Made in Turkestan» брендімен отандық өнімнің жаңа буыны нарыққа жол тартады.

Мақта саласындағы жаңа жобалар өңір экономикасының құрылымын өзгертіп қана қоймай, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді. Бүгінде Түркістан облысында 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жобалардың жылдық өңдеу қуаттылығы 193 мың тоннаны құрап, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Отырар және Арыс өңірлерінде жалпы 32 мың гектар жерге жаңа технологиямен мақта егілді. Бұл жобаның басты артықшылығы – су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы судың 50 пайызына дейін үнемделіп, өнімділіктің 2–3 есеге артуы. Бұрын 1 гектардан орта есеппен 25 центнер өнім алынса, енді заманауи әдістер арқылы 60 центнерден астам өнім жинауға мүмкіндік туды. Осылайша диқандар табысын 2–3 есеге арттыруда. Бұл Мемлекет басшысының агросаланы тиімді дамыту жөніндегі стратегиясының нақты нәтижесі болып табылады.

Су үнемдеу технологиясын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл – шаруаларға үлкен қолдау әрі жаңашылдықты батыл енгізудің тиімді жолы. Жоспар бойынша биыл 27 мың гектар жерге су үнемдеу әдістері енгізілуі тиіс болса, іс жүзінде бұл көрсеткіш 59 мың гектарға жетіп, жоспар екі есеге асыра орындалды.

Фестиваль барысында облыс әкімі еңбегімен ерекшеленген ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыс етті. Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концерт ұйымдастырылып, еліміздің эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Бұл – еңбегімен елді асырап жүрген шаруаларға деген қоғамның құрметі мен ризашылығының айғағы болды.

Мақта шаруашылығын дамытуда Түркістан облысы бүгінде республика бойынша көш бастап тұр. Биыл облыс шаруалары 144,5 мың гектар жерге мақта егіп, жалпы 470 мың тонна шитті мақта жинайды деп күтілуде. Қазіргі уақытта өңірде 25 мақта өңдеу зауыты мен 175 қабылдау бекеті жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер өңірдің ауыл шаруашылығындағы тұрақтылық пен жүйелі еңбектің нақты дәлелі.

«AQ-DALA» фестивалі тек мақта күніне арналған мереке емес, ауыл шаруашылығындағы жаңа кезеңнің бастауы болды. Бұл шара арқылы Түркістан облысы еңбек адамын құрметтеу дәстүрін жалғастырып қана қоймай, инновациялық даму мен экологиялық тиімді технологияларды кеңінен қолдануға бағыт ұстанып отыр. Мақта шаруашылығының болашағы – дәл осындай озық тәжірибелер мен бірлікке негізделген еңбекте.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...