Сауран ауданы Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналуда. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда өндірістік аймақтар құрудың маңызы ерекше. Қазіргі таңда ауданда 2024–2026 жылдар аралығында бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылып, кәсіпкерлік белсенділік айтарлықтай жанданып отыр.
Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінде жалпы 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы ұйымдастырылды. Осы өндіріс алаңдарына 115 шағын және орта бизнес субъектісін орналастыру көзделген. Бүгінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Жобалар толық іске асқанда 30 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 094 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер ауданның экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өндіріс аймақтарының құрылысын көзбен көру және кәсіпкерлермен жүздесу мақсатында Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Ол сапар аясында Иассы және Қарашық ауылдарында бой көтеріп жатқан өндірістік нысандардың жай-күйімен танысып, нақты тапсырмалар берді. Иассы ауылдық округіндегі «Еңбекші Дихан» елдімекенінде орналасқан өндіріс алаңына 9 гектар жер бөлінген. Мұнда 24 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Аталған өндіріс аймағы іске қосылған кезде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестициялық жобалардың жалпы құны 6,3 млрд теңгеге бағалануда.
Қарашық ауылындағы өндіріс алаңында да ілгерілеушілік байқалады. 10 гектар жерге 20 жоба шоғырланатын болады. Қазіргі таңда 12 кәсіпкермен келісім жасалып, алғашқы құрылыс жұмыстары басталған. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда шамамен 170 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ. Жобаға құйылатын инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды.
Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Жүйнек ауылдық округіндегі бірқатар кәсіпорындарды да аралап көрді. Атап айтқанда, «ASIA BREND» жиһаз фабрикасында 30 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, балаларға және қонақ бөлмеге арналған жиһаз түрлерін, ас үй жиһаздарын шығарады. Сонымен қатар «DIVALUX» жиһаз цехы 2 гектар аумақта орналасқан және 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл өндірісте айына 500-ге жуық жиһаз түрі шығарылады. Қажетті шикізат Түркиядан жеткізілсе, жұмысшыларды кәсіпорын өзі оқытып, мамандарды даярлауда.
Осындай өндірістік аймақтардың құрылуы аудан экономикасына тікелей серпін беріп қана қоймай, әлеуметтік ахуалдың да жақсаруына ықпал етуде. Жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, отандық өнімнің көбеюі, салық түсімдерінің артуы – осының айқын көрінісі. Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылымның жақсаруы, жергілікті тұрғындардың бизнеске деген қызығушылығының артуы және шағын өндіріс ошақтарының жандануы – өңірдің дамуына оң әсер етуде.
Талғат Қозбеков сапар қорытындысы бойынша әрбір жобаның іске асуын мұқият қадағалап отыру қажеттігін атап өтті. Ол өндірістік аймақтардың өңір экономикасының локомотиві болатынын, сондықтан әр кәсіпкерге тиісті жағдай жасалып, кедергілерді жою маңызды екенін жеткізді. Атап айтқанда, жер телімдерін рәсімдеу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құжаттарды жедел рәсімдеу мәселелері тұрақты бақылауда болмақ.
Сауран ауданында қолға алынған бұл жобалар — тек бүгіннің ғана емес, болашақтың игілігіне қызмет ететін маңызды бастамалар. Жаңадан ашылатын кәсіпорындар мен жұмыс орындары жастардың өз ауылында еңбек етіп, өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл – ауылдық аймақтардың гүлденуіне және жалпы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өсіміне қосылатын үлкен үлес.

