Түркістан облысында экотуризмді дамыту мен инвестиция тарту – аймақтың жаңа серпіні

Түркістан облысында экотуризмді дамыту мен инвестиция тарту – аймақтың жаңа серпіні

Түркістан облысы өзінің бай тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи сұлулығымен танымал өңір ретінде елімізде ғана емес, шетелдік туристер үшін де тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Осы артықшылықтарды тиімді пайдалану мақсатында өңірде экотуризмді дамыту және туристік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Әсіресе, инвестиция тарту және киелі орындарды абаттандыру мәселесі алдыңғы қатарға шығарылып отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің «Бәйдібек қаған» қоғамдық қорының өкілдерімен өткізген кездесуі барысында экотуризмнің әлеуеті мен оны тиімді пайдалану жолдары егжей-тегжейлі талқыланды. Кездесу барысында Бәйдібек ауданындағы киелі орындар мен кесенелердің айналасын абаттандыру, зияратшыларға қолайлы жағдай жасау, қонақүйлер салу және туристік инфрақұрылымды жақсарту мәселелері көтерілді. Бұл ұсыныстар облыс әкімінің тарапынан қолдау тауып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Туризм саласына деген қызығушылықтың артуы өңір экономикасына оң ықпал етуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында орналастыру орындарында 151 мыңнан астам турист демалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары. Ал 8 айдың қорытындысы бойынша табиғи аумақтарға келген туристер саны 123,2 мың адамды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 29,5 пайызға артқан. Бұл – экотуризмге деген сұраныстың тұрақты түрде өсіп келе жатқанын дәлелдейді.

Сонымен қатар тарихи-мәдени орындарға да келушілердің саны айтарлықтай артқан. Биыл бұл көрсеткіш 736,3 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға өскен. Бұл өз кезегінде өңірдің тарихи әлеуетін сақтау мен дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Әсіресе, киелі орындарға жасалатын сапарлар – зияраттық туризм мен экотуризмнің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – салаға тартылған инвестиция көлемі. Биыл туризм бағытында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 36,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,4 пайызға артқан. Бұл – жеке сектор мен инвесторлардың өңірдің туристік мүмкіндіктеріне сенім артып отырғанын білдіреді.

Түркістан облысында туризм тек демалыс пен саяхат емес, сонымен бірге экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және жергілікті халықты еңбекпен қамту құралына айналуда. Табиғи аймақтар мен киелі орындардың сақталуы – келушілерге экологиялық және мәдени тәрбие беру мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Сондықтан жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдар бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуде.

Алдағы уақытта Түркістан облысында экотуризм бағытында жаңа соқпақтар мен маршруттар құрылып, жергілікті өнімдерді насихаттайтын этноауылдар мен табиғи кешендер ашылмақ. Бұл бастамалар ішкі туризмді де, сырттан келетін туристердің ағынын да арттыруға сеп болады. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерге де жаңа мүмкіндіктер ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысында экотуризмді дамыту – аймақтың табиғи, тарихи және мәдени ресурстарын ұтымды пайдалана отырып, тұрақты дамуға қол жеткізудің тиімді жолы. Инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту және киелі орындарды сақтау арқылы өңір еліміздегі басты туристік орталықтардың біріне айналуға толық негізге ие.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...