Түркістанда заңсыз қоқыс тастаушыларға қарсы бақылау күшейіп, айыппұлдар салынуда

Түркістанда заңсыз қоқыс тастаушыларға қарсы бақылау күшейіп, айыппұлдар салынуда

Түркістан қаласында экологиялық тәртіп пен қоғамдық тәрбие деңгейін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының шеңберінде қала аумағында тазалықты сақтау, әсіресе заңсыз қоқыс төгуді болдырмау бағытында бірқатар нақты шаралар атқарылуда. Бұл жұмыстар бүгінде өз нәтижесін беріп, қала көшелері мен төңіректің санитарлық жағдайы кезең-кезеңімен жақсаруда.

Қаланың шалғай аймақтары мен төбелі жазықтарында бақылауды күшейту мақсатында Түркістан қалалық әкімдігі мен полиция басқармасы бірлесіп күндізгі және түнгі рейдтер ұйымдастыруда. Қаланың учаскелік полиция инспекторлары құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды тұрақты түрде жүзеге асыруда. Қоқысты рұқсат етілмеген орындарға төгетін көлік жүргізушілері мен кәсіпкерлік субъектілерін анықтау жұмыстары күн тәртібінен түспей отыр.

Жуырда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы нысандарды аралау барысында заңсыз қоқыс тасымалдау дерегіне куә болды. Атап айтқанда, жүк көлігінің құрылыс қалдықтарын арнайы рұқсат етілмеген аумаққа төгіп жатқан сәті анықталды. Оқиға орнына учаскелік полиция қызметкерлері шақырылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 78 640 теңге айыппұл салынып, төгілген қалдықтарды қайта қалпына келтіру жөнінде нақты шаралар қабылданды. Бұл жағдай қадағалау шараларының тек қағаз жүзінде емес, нақты әрекетпен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Жалпы 2025 жылдың басынан бері Түркістан қаласы аумағында абаттандыру ережелерін бұзу және қоғамдық орындарды ластау деректері бойынша 8000-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш қалада тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті екенін аңғартады. Анықталған құқықбұзушылықтардың ішінде 6273 дерек қоғамдық орындарды ластаумен, ал 2051 дерек абаттандыру талаптарының бұзылуымен байланысты болған. Нәтижесінде заңсыз әрекетке барған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге айыппұл салынып, кейбір көлік құралдары айыптұраққа қойылды.

Сонымен қатар қала әкімдігі тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізуде. Қала тұрғындарына тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын арнайы орындарға ғана төгу қажеттігі түсіндіріліп, бұл талапты бұзған жағдайда заң алдында жауапкершілікке тартылатыны ескертілуде. Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әсіресе жеке тұрғын үй секторы мен кәсіпкерлік субъектілері арасында жиі ұйымдастырылып келеді.

Түркістан қаласының тазалығы тек қала көркін арттырып қоймай, тұрғындардың өмір сапасына да тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Сондықтан да қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жалғасуда. Әкімдік пен полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Қала аумағындағы бейнебақылау жүйелерін кеңейту, қоқыс төгетін орындарды нақты белгілеу және арнайы ақпараттық белгілер орнату жұмыстары қолға алынған.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы тек экологиялық бастама емес, бұл – қоғамдағы жауапкершілік пен мәдениеттің көрсеткіші. Түркістан қаласында қолға алынған рейдтік тексерулер мен нақты айыппұл шаралары тұрғындардың да, кәсіпкерлердің де жауапкершілігін арттырып, қоғамдық тәртіптің нығаюына ықпал етуде. Заңсыз қоқыс тастаумен күрестің жалғаса беруі – болашақта қала экологиясының жақсаруына, тұрғындар арасында тәртіп пен тазалыққа деген жауапкершілік сезімінің артуына негіз болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...