Шымкент қаласында еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025 жылғы 30 қыркүйек күні өткен Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы – осы бағыттағы маңызды диалог алаңының бірі болды. Отырысқа мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Комиссияға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев төрағалық етті.
Жиында қаланың әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Ең алдымен жастарды жұмыспен қамту және өндірістік практика ұйымдастыру барысы талқыланды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы кәсіпорындардағы еңбек қатынастарының жағдайы туралы баяндама жасап, бірқатар мекемелерде анықталған бұзушылықтар жөнінде хабарлады. Бұл бағытта профилактикалық шараларды күшейту және жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстарын арттыру туралы ұсыныстар берілді.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – еңбек шарттары мен ұжымдық келісімдердің орындалуы болды. Кәсіподақтар орталығының Татуласу орталығы осы бағыттағы жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Баяндамада еңбек дауларының көпшілігі сотқа дейінгі келісіммен шешіліп жатқанын атап өтті. 2025 жылдың басынан бері 146 кәсіподақ мүшесіне заңгерлік көмек көрсетіліп, 510 адам қамтылған құқықтық семинарлар өткізілген.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды. Атап айтқанда, «Еңбек – елдің тірегі» флэшмобы мен «Еңбек күні» және «Парыз» конкурстарына дайындық барысы талқыланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы әлеуметтік төлемдер мен жалақы берешектерін өтеу бойынша ағымдағы жағдай туралы ақпарат берді.
Жиында «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС қызметкерлері кәсіподағының ұсынысы да қаралды. Бауыржан Алтеев ҚР Еңбек кодексіне кәсіподақтардың өкілеттілігін кеңейтуге бағытталған өзгерістер енгізу жөніндегі бастаманы таныстырды. Ұсыныс екі маңызды бағытты қамтиды:
– кәсіподақтарға ереуіл өткізу туралы шешім қабылдау құқығын заңнамалық түрде бекіту;
– кәсіподақ мүшесі емес жұмыскерлерді өкілдік ету тәртібін реттеу, яғни ерікті жарна механизмін кәсіподақтардың өзіне белгілеу мүмкіндігін қарастыру.
Бұл бастаманы комиссия мүшелері бірауыздан қолдап, аталған ұсынысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және ҚР Кәсіподақтар федерациясына жолдау жөнінде хаттама қабылданды.
Жиынға қатысқан мемлекеттік және салалық құрылым өкілдері, соның ішінде еңбек инспекциясы, жұмыспен қамту басқармасы, аудан әкімдіктері мен Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері еңбек қатынастарындағы ашықтық пен өзара сенімді нығайту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіподақтардың рөлін күшейту және олардың әлеуметтік әріптестіктегі маңызын арттыру бағытында нақты ұсыныстар берілді.
Комиссияның қорытындысында әлеуметтік-еңбек саласындағы тұрақтылықты сақтау, еңбек дауларының алдын алу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды.
Үшжақты комиссияның бұл отырысы Шымкент қаласында әлеуметтік серіктестік қағидаларын нығайтып, еңбек адамының мүддесін қорғауға арналған жаңа серпін берді. Кәсіподақтар, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді ынтымақтастық – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен әділдіктің басты кепілі болып қала береді.

