Шымкент қаласында еңбек мәдениетін дамытуға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған кәсіподақ қозғалысы өз қарқынын жоғалтпай келеді. Бүгін қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы мүшелерімен кездесу өткізді. Жиынға филиал төрағасы Серік Әуесханов және ұйымның белсенді мүшелері қатысты.
Кеңейтілген отырыс барысында кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Ең алдымен, 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануына орай атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бауыржан Алтеев еңбек адамының мәртебесін арттыру – кәсіподақ қызметінің басты басымдығы екенін атап өтіп, мемлекеттік қызметкерлер мен коммуналдық сала мамандарының қоғамдағы беделін көтеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Ол: «Қызмет» кәсіподағының рөлі – тек еңбек құқығын қорғау емес, сонымен қатар, адам еңбегінің қадірін арттыру, ұжымдағы ынтымақ пен сыйластықты сақтау», – деді.
Жиында салауатты өмір салтын насихаттауға арналған «Кәсіподақ RUN 2025» спорттық бастамасы да талқыланды. Бұл іс-шара Дендропаркте өтпек және оған кәсіподақ мүшелерінің белсенді қатысуы көзделген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаппай жүгіру шарасы еңбек ұжымдарын біріктіріп, сергек өмір салтына шақыруды мақсат етеді. Бұл бастама кәсіподақ қозғалысының бірлікті нығайту мен ұжымдық рухты арттырудағы маңызды қадамдарының бірі болмақ.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – экологиялық жауапкершілік. «Таза Қазақстан» акциясы аясында кәсіподақ мүшелері сенбілікке шығып, өз аумақтарын тазарту жұмыстарын ұйымдастырмақ. Бұл шара қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, қоршаған ортаға деген қамқорлықты қалыптастыруға бағытталған. Бауыржан Алтеев табиғатты аялау мен еңбек мәдениетін ұштастыру – азаматтық ұстанымның көрінісі екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, жиында еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау және заңнамалық өзгерістерге бейімделу мәселелері қаралды. Кәсіподақ мүшелерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, нақты шешімдер қабылданды.
Бауыржан Алтеев сөз соңында кәсіподақ ұйымдарының бірлесіп жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтіп, бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыруға шақырды. «Біз әр қызметкердің дауысы естілетін, құқығы қорғалатын, еңбегі бағаланатын қоғам құруға ұмтылуымыз керек. Бұл – кәсіподақ жұмысының басты міндеті», – деді ол.
Кездесу өзара түсіністік пен сенім атмосферасында өтті. Қатысушылар мұндай басқосулардың еңбек мәдениетін қалыптастыру мен ұжымдық ынтымақтастықты нығайтуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
Шымкент қаласындағы кәсіподақтар бірлестігі — еңбек адамын қолдаудың, әділдік пен бірліктің тірегі. Ал ынтымақ пен өзара құрметке негізделген осындай кездесулер қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен еңбек мәдениетінің дамуына серпін берері анық.

