Заң мен тәртіп: жастарға өмір бағыт беру

Заң мен тәртіп: жастарға өмір бағыт беру

Шымкент қаласында жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбекке құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев №34 Ю.А. Гагарин атындағы орта мектепке арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен ашық сұхбат жүргізді. Кездесу «Заң үйірмесі» аясында ұйымдастырылып, еңбек құқығы, мамандық таңдау және заң бұзушылықтың алдын алу тақырыптарын қамтыды.

Бауыржан Алтеевтің айтуынша, әрбір жастың болашағы оның таңдаған кәсібімен тығыз байланысты. Ол еңбек жолындағы алғашқы қадамның маңыздылығын атап өтіп, мамандықты жүрек қалауымен, қабілет пен қызығушылыққа қарай таңдаудың қажеттігін түсіндірді. Бүгінгі күні қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артқанына тоқталған төраға: «Әр мамандық – ел дамуының бір тірегі. Қолмен еңбек ететін адам да, ақылмен қызмет ететін маман да қоғам үшін бірдей маңызды», – деп жастарды еңбек нарығындағы өз орнын табуға шақырды.

Кездесуде еңбек құқығының негіздері мен жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастардың заңдық аспектілері кеңінен талқыланды. Оқушылар еңбек келісімшартының мәні, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібі, еңбекақы төлеу жүйесі сияқты маңызды түсініктермен танысты. Бауыржан Алтеев кәсіподақтардың осы бағытта қызметкерлерге консультация беріп, қажет жағдайда құқықтық көмек көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар, төраға заң бұзушылықтардың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Ол еңбек қатынастарында туындайтын дауларды сотқа дейін шешудің тиімді жолдарын түсіндіріп, кәсіподақтардың медиаторлық рөлін мысалдар арқылы көрсетті. Мұндай тәсілдер еңбек дауларын бейбіт әрі әділ шешуге мүмкіндік беретінін айтты.

Жиын барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Кәсіподақтың жастарға кәсіби бағыт-бағдар берудегі, еңбек құқығын қорғаудағы және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудегі рөлі туралы пікір алмасты. Көптеген оқушылар үшін бұл кездесу өмірлік маңызды ақпарат алуға және болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт қалыптастыруға себеп болды.

Осындай бастамалар жастардың құқықтық мәдениетін нығайтып қана қоймай, олардың бойында еңбекке құрмет сезімін қалыптастырады. Шымкент қаласында кәсіподақ ұйымдары мен білім беру мекемелерінің бірлесе жүргізіп жатқан жұмыстары жас буынның жауапкершілігін арттырып, өз құқықтары мен міндеттерін білуге мүмкіндік беріп отыр.

«Заң мен тәртіп» тақырыбындағы бұл кездесу – жас ұрпақтың санасына әділдік пен адал еңбек құндылықтарын сіңіретін маңызды сабақ болды. Мұндай шаралар жастарды саналы таңдау жасауға, өз еңбегін бағалауға және заңды құрметтеуге тәрбиелейді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Нормы новой Конституции имеют конкретное и практическое значение для людей, занятых на производстве. Об этом на девятом заседании Комиссии по...