Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту бағытындағы ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде жалғасуда. Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен әр аптаның сәрсенбі күні аудандық мансап орталықтары елді мекендер мен ірі сауда орындарын аралап, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер жөнінде ақпарат беріп келеді.
Кезекті шара Еңбекші ауданының мансап орталығының қызметкерлері ұйымдастырған кездесумен жалғасты. Бұл жолы түсіндіру жұмыстары халық көп шоғырланатын «Айна» базарында өтті. Мұндағы мақсат – бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтарды ресми еңбекке тарту, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және бос жұмыс орындары туралы кеңінен ақпарат тарату.
Мансап орталығының мамандары базарға келген тұрғындармен жеке сөйлесіп, ресми жұмыспен қамтудың артықшылықтары туралы түсіндірді. Олар Enbek.kz порталы мен мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін таныстырып, азаматтардың ұялы телефон арқылы-ақ тұрақты немесе уақытша жұмыс іздеу жолдарын көрсетті. Enbek.kz платформасы бүгінде еліміздегі ең ірі электронды еңбек биржасы болып табылады. Онда күн сайын түрлі саладағы мыңдаған бос жұмыс орны жарияланып, жұмыс беруші мен ізденуші арасында тікелей байланыс орнатылады.
Мансап орталығының қызметкерлері мобильді қосымшаны пайдалану тәртібін іс жүзінде көрсетті: қосымшаны жүктеу, тіркелу және бос жұмыс орнын таңдау қадамдары бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар, тұрғындарға өз түйіндемесін онлайн орналастыру мен сұхбатқа дайындық бойынша да практикалық кеңестер ұсынылды.
Шара барысында азаматтарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары мен әлеуметтік жобалар жөнінде толық мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған «Күміс жас» жобалары туралы ақпараттық парақшалар таратылды. Бұл бағдарламалар қысқа мерзімді жұмыс тәжірибесі бар азаматтарға еңбек нарығына бейімделуге, кәсіби дағдыларын дамытуға және тұрақты жұмыс табуға көмектеседі.
Еңбекші ауданының мансап орталығының мамандары атап өткендей, мұндай түсіндіру жұмыстарының тиімділігі жоғары. Көптеген тұрғындар бұрын ресми жұмысқа орналасу үшін қажетті құжаттар мен рәсімдер туралы білмеген болса, енді Enbek.kz арқылы барлық үдерісті онлайн орындауға мүмкіндік алып отыр. Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етіп, жұмыс іздеу процесін барынша жеңілдетеді.
Мансап орталығының ақпараттық жұмыстары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан үлкен маңызға ие. Ол жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, азаматтарды еңбек мәдениетіне, ресми жұмысқа және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандырады. Мұндай бастамалар еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктерді кеңейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Еңбек мобильділігі орталығының жоспарына сәйкес, осындай түсіндіру кездесулері қаланың барлық аудандарында тұрақты түрде өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс халықты жұмыспен қамтудың жаңа құралдарын тиімді пайдалануға және әр азаматтың еңбек ету құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

