Шымкент қаласының Абай ауданында еңбек нарығын дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта аудан аумағындағы сауда-логистикалық орталықта жаңа жұмыс орындарын құруға арналған кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – еңбек нарығын жандандыру, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету.
Кездесуге Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұртас Шамау төрағалық етті. Басқосуда аудандық Мансап орталығының басшысы Дария Ордабаева жұмыс берушілерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысу мүмкіндіктерін және жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан шараларды таныстырды.
Мансап орталығының мамандары «Электронды еңбек биржасы» (Enbek.kz) порталының жұмыс істеу тәртібін кеңінен түсіндіріп, жұмыс берушілерге бос жұмыс орындарын жариялау және жұмыссыз азаматтарды онлайн жолдау тетіктерін көрсетті. Бұл жүйе жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты жеңілдетіп, еңбек нарығында ашық әрі тиімді коммуникация орнатуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында «Continental Logistics Kaz», «Кока Кола Алматы Боттлерс», «НМИ-ЮГ» секілді ірі компаниялардың өкілдерімен өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Жергілікті өндіріс және логистика салаларындағы ірі кәсіпорындардың қатысуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіби мамандарды тартуға және аудан экономикасын дамытуға ықпал етпек.
Шарада тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асырудың нақты бағыттарын айқындап, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде пікір алмасты. Әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға және еңбек тәжірибесін жинақтауға бағытталған «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының маңыздылығы ерекше аталды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған субсидияланатын жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстардың тиімділігі түсіндірілді.
Дария Ордабаеваның айтуынша, қазіргі таңда Абай ауданында еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға дейінгі жоспарға сәйкес, ауданда бірнеше жаңа өндірістік және логистикалық нысандар іске қосылып, жүздеген тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Жиын қорытындысында Нұртас Шамау еңбек нарығын дамыту бойынша нақты тапсырмалар беріп, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ әрбір азаматтың еңбек ету құқығын қамтамасыз ету – жергілікті билік пен бизнес қауымдастықтың ортақ міндеті екенін айтты.
Абай ауданында осындай форматтағы кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ. Бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын арттыруға нақты серпін береді.

