Шымкент қаласында тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы белсенділікті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл бастаманың негізгі үйлестірушісі – Еңбек мобильділігі орталығы. Орталық әр апта сайын қала аумағындағы елді мекендер мен қоғамдық орындарда ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырып, азаматтарға жұмыспен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар жөнінде жан-жақты мәлімет беріп отыр.
Аталған жоспарға сәйкес, әр ауданның мансап орталықтары өздеріне қарасты аумақтарда тұрғындармен кездесіп, Enbek.kz порталы мен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіреді. Мұндай кездесулердің бірі Абай ауданындағы «Алаш» базарында өтті.
Іс-шараны Абай ауданының мансап орталығы мен аудан әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Шара барысында мамандар базарға келген тұрғындар мен саудагерлерге бос жұмыс орындары, кәсіби оқыту бағдарламалары және Enbek.kz порталының артықшылықтары туралы толық ақпарат берді. Тұрғындарға портал арқылы онлайн тіркелу, өз түйіндемесін енгізу, жаңа кәсіп үйрену және мобильді қосымшаны телефонға жүктеу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Сонымен қатар, қатысушыларға мемлекеттік бағдарламалардың шарттары таныстырылды. Атап айтқанда, жастарға арналған «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары, жұмыссыздарға арналған «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары», сондай-ақ зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы туралы кеңес берілді.
Мамандар бұл бағдарламалар жұмыссыз азаматтарға жаңа тәжірибе жинауға, тұрақты жұмыс табуға және кәсіби әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәселен, «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жоғары оқу орны мен колледж түлектері мамандығына сәйкес алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтай алады. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы еңбек өтілі жоқ жастарға ұзақ мерзімді жұмыс табуға бағытталған.
Бұған қоса, «Қоғамдық жұмыс» пен «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобалары уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, тұрақты табыс табуға және еңбек нарығына бейімделуге жағдай жасайды. Ал «Күміс жас» жобасы зейнетке дейінгі жастағы азаматтарға жаңа жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік береді.
Аталған іс-шараның мақсаты – тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын кеңінен түсіндіру және еңбекке ынталы азаматтарды ресми жұмысқа тарту. Осындай ақпараттық кездесулердің нәтижесінде көптеген азаматтар өз мүмкіндіктерін бағалап, кәсіби бағыт-бағдар алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Мансап орталықтарының осындай форматтағы көшпелі іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл қадам – қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбек нарығында белсенді, саналы және тұрақты азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.

