Шымкент қаласында Арбат саябағында жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында ақпараттық акция ұйымдастырылды. Іс-шара 2021–2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» аясында өтті және оның басты мақсаты – жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен ақпарат беру болды.
Акцияға Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Олар қала тұрғындары мен жастарға жұмысқа орналасу, кәсіптік білім алу және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндірді.
Іс-шара барысында жастарға «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Кәсіптік оқыту» бағдарламаларының шарттары мен артықшылықтары туралы толық мағлұмат берілді. Мамандар әр бағдарлама бойынша өтінім беру тәртібін, қажетті құжаттар тізімін және қатысу талаптарын түсіндіріп, кеңес жүргізді.
«Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша оқу орнын жаңа бітірген, тәжірибесі жоқ түлектерге өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берілсе, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы кемінде 12 ай тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашады. Ал қоғамдық жұмыстар мен әлеуметтік жұмыс орындары уақытша болса да, жастардың еңбек дағдыларын қалыптастыруға және табыс табуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, акция аясында кәсіптік оқыту бағдарламасы ерекше назарға алынды. Бұл бастама жұмыссыз жастардың жаңа мамандық меңгеруіне және еңбек нарығында сұранысқа ие болуына бағытталған. Қатысушыларға қысқа мерзімді оқу курстары мен қайта даярлау мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Enbek.kz электронды еңбек биржасы да таныстырылып, оның мүмкіндіктері түсіндірілді. Мамандар жастарға онлайн форматта тіркелу, түйіндеме жіберу және бос жұмыс орындарын іздеу тәсілдерін көрсетті. Бұл жүйе арқылы қала жастары еңбек нарығындағы бос орындармен жедел танысып, өзіне лайықты жұмыс таба алады.
Акцияға қатысқан жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жеке кеңес алды. Көптеген қатысушылар мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниет білдіріп, еңбекке араласуға деген ынтасын көрсетті.
Жастар арасындағы мұндай ақпараттық шаралар жұмыссыздықтың алдын алуға, еңбек нарығында белсенді ұстаным қалыптастыруға және кәсіби өсуге зор ықпал етеді. Арбаттағы акция – жастарды қолдау мен олардың әлеуетін арттыру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадамдардың бірі болды.

