1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» қызмет алушы қарияларға ерекше мереке ұйымдастырды. Бұл игі шара қарттарға деген құрмет пен қамқорлықтың қоғамдағы маңызын айшықтады.
Аталған орталықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ өз-өзіне күтім жасай алмайтын 70 адамға арнаулы қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 56-сы – зейнет жасындағы азаматтар. Олар орталықтың қамқорлығында әлеуметтік, медициналық және психологиялық қолдау алып келеді.
Мерекеге орай Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында кең ауқымды мәдени іс-шара өткізілді. Онда қариялармен бірге әлеуметтік сала қызметкерлері, демеушілер мен қоғам белсенділері бас қосты. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – аға буын өкілдерінің қоғамдағы орнын дәріптеу және олардың еңбегін жас ұрпаққа өнеге ету болды.
Кештің шымылдығы «Шымкент мәдениет үйі» өнерпаздарының ән мен күйге толы концерттік бағдарламасымен түрілді. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнерпаздар сахнадан жылы ықылас пен шынайы ризашылық сезімін жеткізді. Сондай-ақ, «Опера және балет театрының» жезтаңдай әншілері мен «Әзіл-сықақ және сатира театрының» әртістері өз өнерлерін паш етіп, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында әлеуметтік сала басшылары, қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіподақ ұйымының өкілдері ардагерлерді мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов пен орталық басшысы Винера Нұржанова белсенділік танытқан ардагерлер мен мекеме қызметкерлеріне Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары және «Еңбек озаты» төсбелгілерін табыстады.
Мереке барысында әрбір ардагердің өмірлік жолына құрметпен қаралып, олардың қаланың әлеуметтік дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан орталықтағы қарияларға сый-сияпаттар үлестіріліп, мерекелік дастархан жайылды.
Бүгінде мемлекет тарапынан қарт азаматтарға қамқорлық пен қолдау көрсету тұрақты жолға қойылған. Мұндай іс-шаралар тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл бойы жүйелі түрде өткізіліп келеді. Себебі, аға буынға құрмет көрсету – ұлттың рухани байлығы мен мәдениеттілігінің белгісі.
Қарттар күні аясында өткен мерекелік шара қарттардың көңілін көтеріп қана қоймай, олардың қоғамдағы беделін нығайтып, жастарды ізгілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналды. Бұл бастама арқылы әлеуметтік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өзара серіктестігі де нығайды.
Адам баласының өмірінде қарттық – ерекше кезең. Сол себепті қарттарға қамқорлық жасау, олардың өмірін мәнді әрі мағыналы ету – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Шымкент қаласындағы бұл игі дәстүр жыл сайын жалғасын тауып, қоғамдағы рухани бірлікті, ұрпақтар сабақтастығын бекемдей беретіні анық.

