Жұмысшы жастар – ел ертеңі

Жұмысшы жастар – ел ертеңі

Еліміздің тұрақты дамуы мен өндірістік әлеуетінің артуы – еңбек нарығына жаңа серпін беріп жүрген жас мамандардың белсенділігімен тікелей байланысты. Бүгінгі жұмысшы жастар – ертеңгі экономикалық өсудің қозғаушы күші. Соңғы жылдары жастардың өндіріс саласына қызығушылығы артып, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы ел болашағына деген сенімді нығайта түсуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, ел экономикасының негізгі тірегі саналатын еңбек адамдарына құрмет білдірді. Бұл бастама жастардың кәсіби дамуына жол ашып, еңбек беделін арттыруды көздейді.

Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі шаралар қолға алынған. Соның бірі – Еңбек мобильділігі орталығы жүзеге асырып отырған «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл жоба оқуын енді тәмамдаған, тәжірибесі жоқ жастарға алғашқы жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында биылдың өзінде 1 643 жас уақытша жұмыс орындарына орналастырылып, мамандықтарына сәйкес тәжірибе жинақтауда.

Солардың бірі – жас маман Нұрсұлу Оразалы. Ол Шымкент қаласындағы №5 кәсіптік колледжді тоқыма өндірісі мамандығы бойынша тәмамдап, кейін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасына тіркелген. Аудандық Мансап орталығының жолдамасымен «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, бүгінде «Назар Текстиль» кілем фабрикасында тоқыма операторы болып еңбек етуде.

– Бұл фабрикаға алғаш рет колледжде оқып жүрген кезде өндірістік тәжірибеден өту үшін келген едім. Сол кезде-ақ ұжымның ынтымағы мен еңбек тәртібі ұнаған болатын. Колледжді аяқтаған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы осы жерге қайта оралып, жұмысымды бастадым. Мұнда мен сияқты жастар көп. Ұжымда бір-бірімізге қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазір кілемнің түр-түсіне қарай жіптерді тоқыма құрылғысына дайындау жұмысымен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы – мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін,– дейді Нұрсұлу Нұржанқызы.

Жастар практикасы сияқты мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыз жастардың кәсіби дамуына ғана емес, олардың қоғамдағы белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға да ықпал етеді. Бағдарлама арқылы жастар өз мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, еңбек нарығына бейімделеді.

Осындай бастамалардың арқасында бүгінде Шымкентте жас мамандардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Олар өз еңбегімен қаланың өндірістік әлеуетін арттырып, елдің дамуына үлес қосуда. Жұмысшы жастардың белсенділігі – қоғамдағы тұрақтылықтың және мемлекеттің экономикалық өсімінің кепілі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...