Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Сапардың негізгі мақсаты – қаладағы құрылыс қарқынын, әлеуметтік мекемелердің жұмыс барысын және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын бақылау болды.
Әкім ең алдымен «Асар-2» шағынауданында салынып жатқан қоғамдық кеңістік құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 2400 шаршы метрді қамтитын демалыс аймағында балаларға арналған ойын алаңы мен спорттық аймақтар қарастырылған. Бұл орын қала тұрғындары мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бермек. Құрылыс жұмыстарының сапасын тексерген қала басшысы мердігер мекемеге барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сапар барысында әкім Әл-Фараби ауданында орналасқан «PHYTO-APIPHARM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де барды. Бұл кәсіпорын тағамдық және косметикалық өнімдер өндірумен айналысады. Мұнда бүгінде 98 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшылығы әкімге жаңа өндіріс орнын салу жоспары жөнінде баяндап, жобаның жүзеге асуы өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ғабит Сыздықбеков тиісті басқармаға осы бастаманы қолдау жөнінде нақты тапсырма берді.
Қала әкімі сонымен қатар психикалық денсаулық орталығының жұмысымен де танысты. Бұл мекеме психиатриялық және наркологиялық көмек көрсетумен айналысады. Орталықта 485 төсек-орын қарастырылған, жыл сайын мұнда 4 мыңнан астам науқас стационарлық ем алады. Әкім медициналық қызмет сапасын арттырудың және мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, тиісті басқармаға нақты тапсырмалар берді.
Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды нысан – ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық. Мұнда қала тұрғындарына АИТВ инфекциясын диагностикалау, емдеу және алдын алу бағытында медициналық көмек көрсетіледі. Әкім орталықтың қызметімен танысып, тұрғындарға көрсетілетін көмекті жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.
Бұдан бөлек, Ғабит Сыздықбеков қаланың сыртқы келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Әсіресе Быковский көшесіндегі көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстарының барысын көріп шықты. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, қаланың инфрақұрылымдық дамуына оң әсер етеді. Қала басшысы демеушілер мен мердігер ұйымдарға алғысын білдіріп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Жұмыс сапарының соңында әкім «Ордабасы» футбол клубының жаттығуына арнайы барып, алдағы Қазақстан Кубогының финалы алдында командаға сәттілік тіледі. «Ордабасы» клубы Қызылорда қаласында өтетін шешуші ойында «Тобыл» командасымен кездеседі. Әкім бұл матчтың қала тұрғындары үшін үлкен маңызға ие екенін айтып, команданың әрбір жеңісін шымкенттіктердің ортақ қуанышы деп бағалады.
Ғабит Сыздықбеков футболшыларға сенім білдіріп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлайтын тартысты әрі сапалы ойын тілеп, спортшылардың еңбегі қала намысын асқақтататынына сенім білдірді.

