Өндіріс саласындағы табандылықтың символы – Михаил Чередниченко

Өндіріс саласындағы табандылықтың символы – Михаил Чередниченко

Шымкент қаласында өмірін еңбекпен өрнектеген, өз ісіне адалдығымен және табандылығымен ерекшеленетін азаматтардың бірі – Чередниченко Михаил. Ол өзінің еңбек жолын 1992 жылы «Шымкентмай» акционерлік қоғамында бастап, содан бері өндіріс саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. 33 жыл бойы бір салада адал еңбек етіп, кәсібилігімен танылған Михаил еңбекқорлық пен тұрақтылықтың жарқын үлгісіне айналды.

Михаил 1973 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала кезінен техникаға қызығушылық танытып, нақты ғылымдарға бейім болған ол 1988 жылы орта мектепті аяқтап, сол жылы Шымкент энергетикалық техникумына оқуға түседі. Төрт жыл бойы алған білімін табандылықпен меңгеріп, 1992 жылы үздік бағамен тәмамдайды. Дәл осы жылы ол өзінің еңбек жолын туған қаласындағы ірі өндіріс орны – «Шымкентмай» акционерлік қоғамында бастайды.

Алғашында Михаил автожүк тиегіш жүргізушісі болып жұмыс істеді. Бұл қызмет оңай болмағанымен, ол өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, цехтағы әрбір процестің мәнін түсінуге тырысты. Тәжірибе жинақтаған соң, техникалық мамандыққа қызығушылығы артып, 1994 жылы слесарь-жөндеуші лауазымына ауысты. Осы қызметте ол 25 жыл бойы табанды еңбек етіп, өзінің кәсіби шеберлігі мен адалдығының арқасында ұжым ішінде үлкен беделге ие болды.

2019 жылы Михаилдың еңбегі еленіп, ол слесарь-бригадир қызметінен көлік цехының бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл – оның кәсіби дамуының жаңа белесі болды. Басшылық қызметке келсе де, ол қарапайымдылығын сақтап, ұжымдағы әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, өндіріс процесін жетілдіруге өз үлесін қосты. Көп жылдық тәжірибесінің арқасында өндірістегі күрделі мәселелерді дер кезінде шешіп, техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түсті.

2022 жылдан бастап Михаил автожөндеу тобының механигі қызметін атқарып келеді. Ол өзінің күнделікті жұмысында ұқыптылық пен тиянақтылықты басты қағида еткен. Қазіргі таңда цехтағы жас мамандар үшін үлгі болып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Михаилдың айтуынша, кез келген жетістік – үздіксіз еңбектің және мамандығына деген сүйіспеншіліктің нәтижесі.

Михаил Чередниченко – отбасында да, жұмыста да үлгілі азамат. Үш баланың әкесі ретінде ол ұрпағын еңбекқорлыққа, адалдыққа және жауапкершілікке тәрбиелеп отыр. Оның өмірлік ұстанымы – «еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды».

Өз ісіне берілген мұндай азаматтардың арқасында өндіріс саласы дамып, ел экономикасының негізі нығайып келеді. Михаилдың 33 жылдық еңбегі – табандылық пен кәсібиліктің айқын айғағы. Ол өзінің өмірімен адал еңбек етудің, ұқыптылық пен жауапкершіліктің шынайы үлгісін көрсетіп жүр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...