Түркістан қаласының индустриялық-инновациялық әлеуеті жаңа серпін алуда. Соңғы жылдары қалада шетелдік инвестициялар тартылып, ірі өндірістік жобалар іске аса бастады. Соның жарқын мысалы – Түркияның «Sensemi» компаниясы Түркістанда газ, электр және су өлшеуіш құрылғыларын шығаратын заманауи зауыт салуды жоспарлап отыр. Жуырда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аталған компанияның өкілдерімен ресми кездесу өткізіп, жобаның негізгі шарттары мен техникалық бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында тараптар өзара пікір алмасып, өндіріс жобасының кезеңдері мен экономикалық тиімділігіне жан-жақты тоқталды. Әзімбек Пазылбекұлы шетелдік инвесторларға Түркістан қаласының индустриялық инфрақұрылымы мен арнайы экономикалық аймақтың артықшылықтарын таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде Түркістан қаласында инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасалған. Қаланың географиялық орны, көлік логистикасы, инженерлік инфрақұрылым және адами ресурстары шетелдік өндіріс орындарын орналастыруға өте ыңғайлы. Сонымен қатар әкімдік тарапынан барлық рұқсат құжаттарын жедел рәсімдеуге, жер телімдерін бөлуге және жобаларды сүйемелдеуге толық қолдау көрсетілетін болады.
Түркиялық инвесторлардың мәліметінше, жобаның бірінші кезеңіндегі инвестициялық құны – 5 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл кезеңде зауыттың негізгі өндірістік желілері орнатылып, алғашқы партия өнім шығару жоспарлануда. Ал екінші кезеңде инвестиция көлемі 10 миллион АҚШ долларына дейін жетеді. Бұл ретте өндіріс қуаттылығы арттырылып, жаңа жабдықтар мен технологиялар енгізіледі. Жоба толық жүзеге асқан кезде шамамен 450 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туады. Бұл – Түркістан қаласы үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің бірі болмақ.
Зауыт Түркістан қаласының арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасады. Бұл аймақ еліміздің индустриялық-инновациялық даму саясатының аясында құрылған және инвесторлар үшін бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, мұнда корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, жер салығы, мүлік салығы сынды негізгі салықтардан босату, сондай-ақ қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты ынталандыру тетіктері бар. Мұндай жағдайлар шетелдік компаниялардың Қазақстанға инвестиция салуға деген қызығушылығын арттырады.
Тараптар кездесу соңында өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті. «Sensemi» компаниясының өкілдері жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті кадрларды оқытып, заманауи технологияларды трансферттеу жұмыстарына басымдық беретінін атап өтті. Өз кезегінде Түркістан қаласының әкімдігі барлық рұқсатнама және техникалық мәселелер бойынша жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Бұл келісім өндірістік жобаның табысты жүзеге асуына берік негіз қалайды.
Газ, электр және су есептегіш құралдары – коммуналдық қызмет саласында жоғары сұранысқа ие өнім түрлері. Қазақстанда бұл құрылғылардың көпшілігі сырттан импортталады. Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін еліміздің ішкі нарығы отандық өніммен қамтамасыз етіліп қана қоймай, көрші елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылады. Бұл өз кезегінде Түркістан қаласының экономикалық белсенділігін арттырып, өңірді өндірістік кластер ретінде қалыптастыруға үлес қосады.
Осындай нақты жобалар Түркістанды тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар инновациялық және индустриялық даму орталығына айналдыруға мүмкіндік береді. Шетелдік серіктестікпен құрылған бұл жаңа өндіріс орны – Түркістанның экономикалық келешегіне жасалған инвестиция ғана емес, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам.

