Түркістан облысы – ұлттық жобаны алғашқы болып іске асырған өңір

Түркістан облысы – ұлттық жобаны алғашқы болып іске асырған өңір

Түркістан облысы энергетика және инфрақұрылым саласындағы Ұлттық жобаны іс жүзінде бастаған Қазақстандағы алғашқы өңір ретінде танылып отыр. Өңірге тартылған инвестиция көлемі бүгінде 12,3 млрд теңгеден асып, 2025–2029 жылдарға арналған жоба аясында бұл көрсеткіш 60 млрд теңгеге дейін жетпек. Бұл – Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды серпін ғана емес, сонымен бірге елдің оңтүстігіндегі энергетикалық тұрақтылық пен инфрақұрылымдық жаңғырудың үлгісі.

Ұлттық жобаның мақсаты – ескірген коммуналдық және энергетикалық желілерді жаңартып, халықты сапалы әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз ету. Түркістан облысында бұл мақсатқа бағытталған бірқатар нақты жобалар іске қосылған. Төлеби, Ордабасы, Отырар және басқа да аудандарда жоғары кернеулі желілер жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілуде. «Оңтүстік Жарық Транзит» және «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялары жобаның негізгі операторы ретінде бұл процестерге белсене қатысып отыр.

Электр желілерін автоматтандыру, заманауи трансформаторлық станциялар орнату және ауылдық елді мекендерге электр энергиясын үздіксіз жеткізу — осының бәрі өңірдегі мыңдаған отбасының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Төлеби ауданында 418,7 млн теңгеге 110 кВ желісі жаңартылып, Түркістан қаласының «Орталық» және «Яссы» қосалқы станциялары арасында 3,8 млрд теңгеге жаңа желі тартылуда. Ал Ордабасы ауданында 33 км желінің 15 шақырымы жаңартылып, жобаға 328,2 млн теңге салынған.

Аймақтың 12 ауданында бір мезгілде жүзеге асырылып жатқан тағы бір маңызды жоба — төмен кернеулі желілерді оқшауланған сымдармен ауыстыру. Бұл 89,8 км аумақты қамтиды. Жоба Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек сынды аудандарды қамтып, ондағы инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартпақ.

Сондай-ақ, жаңа буындағы жоғары температураға төзімді сымдар қолданылып жатқан «Қайтпас – XXI Партсъезд» желісі арқылы өңірдегі жүктеме мен қуаттылық арттырылып, болашақта қосымша инфрақұрылым салмай-ақ энергиямен қамту сапасы жақсарады. Жоба Шымкент пен Түркістан облысы үшін бірдей маңызға ие, өйткені желі екі аймақты біріктіреді.

Ұлттық жобадан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» 5,3 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестициялық бағдарламасын да жүзеге асырып жатыр. Соның нәтижесінде 2025 жылдың сегіз айында 84 трансформаторлық қосалқы станция жаңартылып, 240 км-ден астам әуе және кабель желілері тартылған. Бұл шаралар Ордабасы, Отырар және Бәйдібек аудандарындағы қосымша энергетикалық желілерді күшейтіп, өнеркәсіп пен шағын бизнесті қолдауға бағытталған.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды өзгерістер – мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы үйлесімді әріптестіктің нақты нәтижесі. ҚР Энергетика министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар өңірдің болашағын айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі. Инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу — мұның бәрі облыс халқының әл-ауқатын жақсартуға, экономиканы әртараптандыруға және инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастыруға негіз болуда.

Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы Түркістан облысы Қазақстанның басқа өңірлері үшін үлгі бола алады. Ұлттық жоба өңір экономикасының тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сапасына жаңа деңгей әкелетіні сөзсіз. Бұл – тек сандар мен жоспарлар ғана емес, бұл – нақты нәтиже беріп жатқан жүйелі жұмыстың көрінісі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...