Түркістан облысының Келес ауданында ел игілігіне бағытталған әлеуметтік маңызы бар жаңа бастама жүзеге асырылуда. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 12 ауыз су нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба аясында 13 елді мекенге таза ауыз су жеткізу жоспарланған. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары – елдегі әділетті басқару принциптерінің нақты көрінісі.
Атап айтқанда, су жүйелері тартылатын елді мекендерге Жүзімдік ауылдық округіндегі Ақсу, Оңтүстік ауылдары, Ақтөбе ауылдық округіндегі Қаратөбе, Жаңадәуір, Жуантөбе, Көгерту, Ақжар, Ғ.Мұратбаев, Есікқорған, Құйған, Қияжол, Кеңдала ауылдары және Бірлік ауылдық округіне қарасты Қосөткел ауылы кіреді. Бұл елді мекендерде тұратын халық саны жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, олардың таза әрі тұрақты ауыз суға қол жеткізуі аса маңызды.
Бүгінде 12 нысанның 2-еуінде құрылыс-монтаж жұмыстары 90%-ға аяқталған. Олар тексеру кезеңінде тұр. Қалған 10 нысанда құрылыс жұмыстары 70-80 пайыз көлемінде орындалған. Жұмыстар жоспарға сәйкес, сапа талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысы жергілікті билік тарапынан қатаң қадағалауға алынған. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жобалар жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, мердігер мекемелермен кездесіп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді. Әкім құрылыс жұмыстарының мерзімінде әрі сапалы аяқталуын, ауыз су жүйелерінің үйлерге толық тартылуын талап етті.
Мұндай бастама – мемлекет меншігіне қайтарылған қаражаттың ел болашағына нақты пайда әкелетін салаларға бағытталып жатқанын көрсетеді. Бұрын сыбайлас жемқорлыққа байланысты алынған, заңсыз иемделген активтер бүгінде қайта мемлекет қазынасына түсіп, қарапайым халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсалып отыр. Бұл – елдегі әділетті Қазақстан тұжырымдамасының нақты жүзеге асып жатқандығының айқын дәлелі.
Жалпы алғанда, Келес ауданы су инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді қадамдар жасап келеді. Соңғы жылдары ауыз су тапшылығын жою бағытында бірнеше жоба іске асырылды. Алайда өңірдің ауылдық жерлерінде әлі де орталықтандырылған су жүйелеріне қосылмаған елді мекендер бар. Сондықтан бұл жоба су инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болып отыр.
Сапалы ауыз суға қол жеткізу – ауыл тұрғындары үшін өмір сүру сапасын арттыратын маңызды фактор. Таза су – бұл тек денсаулық кепілі ғана емес, сонымен қатар білім, экономика және әлеуметтік тұрақтылық үшін де негіз. Балалардың мектепке баруы, медицина саласындағы санитарлық талаптардың орындалуы, тіпті ауыл шаруашылығындағы тұрақтылық та су мәселесіне тікелей байланысты. Осы ретте аталған жобаның жүзеге асуы – Келес ауданының болашағына жасалған маңызды инвестиция.
Сонымен қатар, мемлекетке қайтарылған активтерді осындай мақсаттарға бағыттау қоғамда әділдікке деген сенімді күшейтеді. Бұл қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуы билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, мемлекеттік басқару жүйесіне деген көзқарасты өзгертеді.
Келес ауданындағы 12 ауыз су нысанының құрылысы – Түркістан облысында жүзеге асып жатқан көптеген әлеуметтік жобалардың бірі ғана. Болашақта мұндай бастамалар өзге өңірлерде де кеңінен қолға алынуы қажет. Себебі халықтың игілігі үшін жасалатын әрбір қадам – елдің дамуы мен тұрақтылығының кепілі.

