Қалада еңбек нарығы дамып жатыр

Қалада еңбек нарығы дамып жатыр

Шымкент қаласында еңбек нарығын дамыту және халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында еңбек нарығы мен әлеуметтік саясатқа ерекше назар аударылғаны белгілі. Президент тапсырмаларына сәйкес қалада тұрақты және уақытша жұмыс орындарын құру, жұмыссыздарды еңбекке тарту, жастарды қолдау бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып отыр.

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғандықтан, бұл бастама аясында Шымкентте арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Мәселен, қалада түрлі форматтағы бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, 11 ақпанда өткен «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты қалалық жәрмеңке мен 25 маусымда «Арбат» алаңында өткізілген өңіраралық жәрмеңке еңбек нарығына жаңа серпін берді. Нәтижесінде 223 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, 63 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты. Бұдан бөлек, пробация қызметінде тіркеуде тұрған және бас бостандығынан босаған 29 тұрғын квотамен тұрақты еңбекке жолданды.

Жұмыс іздеушілер үшін электрондық мүмкіндіктер де кеңейтілген. Еңбек мобильдігі орталығы халыққа enbek.kz электронды еңбек биржасының қызметін кеңінен түсіндіруде. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері портал арқылы жұмыс іздеу дағдыларын меңгеріп, арнайы сертификаттар алды. Биылғы жартыжылдықта 11 829 мектеп оқушысы мен 4 744 студент электронды еңбек биржасы арқылы дайындықтан өтті. Бұл жастарға еңбек нарығына бейімделуге, бос орындармен танысуға және алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау да басты назарда. Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді қолдау түрінде көрсетіледі. Оның мәні – ең әуелі мұқтаж жандарды қамту. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін көмек ашық әрі әділ көрсетіліп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталуда.

Осы шаралардың барлығы еңбек нарығының дамуына, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етеді. Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, еңбекке ынталандыру және еңбек қауіпсіздігін сақтау да кешенді жоспардың ажырамас бөлігі.

Қорыта айтқанда, Шымкент қаласы еңбек нарығын дамытуда кешенді жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жастарға арналған қолдау бағдарламалары, электронды еңбек биржасының мүмкіндіктері мен әлеуметтік қорғау шаралары қала тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге және еңбек нарығын нығайтуға бағытталған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...