Базарқақпадағы тұрғындарға – жұмысқа орналасудың нақты мүмкіндігі

Базарқақпадағы тұрғындарға – жұмысқа орналасудың нақты мүмкіндігі

Шымкент қаласында жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тарту және жұмыс берушілермен тікелей байланыстыру мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қала әкімдігі мен Еңбек мобильділігі орталығы қолға алған бұл шаралар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, тұрғындардың табыс табуына жол ашуда.

Жәрмеңкелер тек қала орталығында ғана емес, шағынаудандар мен тұрғын алаптарда өткізіле бастады. Бұл тәсіл – еңбекке қабілетті, бірақ жұмыссыз жүрген азаматтарға өз аудандарынан алысқа бармай-ақ, жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Осындай маңызды шаралардың бірі Еңбекші ауданына қарасты Базарқақпа тұрғын алабында өтті. Іс-шараны Еңбек мобильділігі орталығының аудандық мансап орталығы ұйымдастырды.

Жәрмеңкеге 20-ға жуық жұмыс беруші мекеме қатысты. Олар 100-ге жуық тұрақты бос жұмыс орнын ұсынды. Ерекшелігі сол – бұл жұмыс орындарының басым бөлігі Базарқақпа маңындағы индустриалды аймақтарда орналасқан. Яғни, тұрғындар үшін жұмыс орнына бару жолы да тиімді, уақыт жағынан да үнемді.

Ұсынылған бос орындарға жалақы мөлшері 120 мың теңгеден басталып, 370 мың теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек, бірқатар мекемелер қызметкерлеріне арналған түскі ас пен жеткізу қызметін де қамтамасыз ететінін айтты. Бұл – жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған қосымша қолдау.

Жәрмеңке барысында Еңбекші ауданы мансап орталығының қызметкерлері тұрғындарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары, Enbek.kz электронды еңбек биржасы және еліміздің солтүстік өңірлеріне ерікті қоныс аудару бағдарламасы туралы ақпарат берді. Осы кеңестер арқылы көптеген азамат өздеріне лайық бағытты анықтап, маман ретінде қандай қадам жасау қажеттігін түсінді.

Сонымен қатар, іс-шараға қалалық прокуратура қызметкерлері де қатысып, азаматтарға құқықтық кеңес берді. Бұл – еңбекке орналасу кезінде жиі кездесетін құқықтық сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауап берудің тиімді жолы болды.

Жәрмеңкеге Базарқақпа тұрғын алабынан 50-ге жуық тұрғын келіп, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасты. Нәтижесінде 10 адам тұрақты жұмысқа жолдама алды, ал 5 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді. Бұл көрсеткіштің өзі – осындай шағын, бірақ нақты бағытталған іс-шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Мұндай жәрмеңкелер Шымкент қаласында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әр апта сайын түрлі шағынаудандарда ұйымдастырылатын бұл кездесулер – жұмыссыз азаматтардың өмір сапасын арттырып, еңбекке араласуына жол ашатын нақты қадам. Ал Базарқақпада өткен жәрмеңке – соның жарқын үлгісі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...