Еліміздің экономикалық әлеуетін арттырып отырған өндіріс орындарының табысы ең алдымен ондағы еңбек адамдарының адалдығы мен кәсібилігіне байланысты. Шымкент қаласындағы «Шымкент май» акционерлік қоғамы – осындай тарихы терең, тәжірибесі мол кәсіпорындардың бірі. Бұл жерде онжылдықтар бойы адал еңбек етіп, өзінің кәсіби жолымен өзгелерге үлгі болып жүрген мамандар жеткілікті. Солардың бірі – бас технолог Күлайхан Шалхарова.
Ол майлар технологиясы мамандығын бітірген соң, 1987 жылы жолдамамен аталған кәсіпорынға келіп, содан бері бір ғана мекемеде үздіксіз еңбек етіп келеді. 38 жыл бойы өндіріс орнында еңбек етіп келе жатқан Күлайхан апайдың еңбек жолы қарапайым бригадирліктен басталып, цех бастығы, аға шебер қызметтерін абыроймен атқарып, бүгінде бас технолог дәрежесіне жеткені – кәсіби табандылық пен адалдықтың айқын дәлелі.
Өндіріс орнындағы әрбір қызметкердің еңбегі – ел экономикасының дамуына қосылған үлес. Кәсіпорын қалдықсыз технология принципімен жұмыс істеп, май дақылдарын толық өңдеумен айналысады. Мұндай жауапты саланың басы-қасында тәжірибелі мамандардың болуы өнім сапасын арттыруға, өндірістің тиімділігін күшейтуге септігін тигізеді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған баспасөз туры барысында кәсіпорын қызметкерлерінің еңбегі көпшілікке кеңінен таныстырылды. Жұмысшы мамандықтарының маңызын насихаттау, олардың беделін арттыру – қоғамдағы еңбек адамының орнын айқындайтын маңызды іс. Осы орайда, өндіріс қызметкері Бегайдар Масақбаев та өз кәсібінің қымбат екенін айтып, жұмысшы мамандықтарына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
Кәсіпорын тек өндірістік көрсеткіштермен шектелмей, жастарды еңбекке баулу ісіне де үлес қосып отыр. Биылғы жылдың басында «Шымкент май» АҚ өкілдері М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттерімен кездесу өткізді. Онда өндіріс саласының ерекшеліктері түсіндіріліп, жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдар берілді. Студенттерге болашақта осы салада еңбек ету мүмкіндіктері, жұмысқа орналасу талаптары мен карьералық даму жолдары жайлы кеңінен ақпарат берілді. Бұл – еңбек нарығына жаңа серпін беретін, кадр даярлаудағы жаңа қадамдардың бірі.
Адал еңбек еткен жан ғана абыройға бөленеді. Күлайхан Шалхарова сияқты ұзақ жылдар бойы табандылықпен еңбек етіп келе жатқан мамандардың тәжірибесі – жас буынға өнеге, қоғамға мақтаныш. Жұмысшы мамандықтарының қадір-қасиетін арттыру, еңбек адамының бейнесін танымал ету – елдің дамуы мен өркендеуінің кепілі.
Еңбегін адал атқарып, кәсібіне берілген әрбір жан – «еңбек адамының» жарқын бейнесі. Осындай мамандардың арқасында Шымкент қаласының өндірістік әлеуеті артып, жаңа белестерге жол ашылып отыр.

