«Қалың қалай, бастауыш ұйым» және «Мектепке жол» акциялары аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы – Шымкент қаласының Абай ауданы әкімі аппаратының «Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кәсіподақ мүшелерімен мазмұнды кездесу өтті.
Аталмыш іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов, мекеме басшысы Кегенхан Базарханұлы Атамқұлов және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Ибатбекұлы Бейсен қатысты. Кездесу барысында қызметкерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мәселелері талқыланып, жұмыскерлердің ұсыныстары мен тілектері тыңдалды.
Сонымен қатар еңбек қатынастары, еңбек және техника қауіпсіздігі, еңбек заңнамасы мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау бағытында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіподақ ұйымының жұмыс бағыттары мен мүшелерге берілетін артықшылықтар да таныстырылды.
Жиын соңында мекеме басшысы мен салалық кәсіподақ төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай қызметкерлерді құттықтап, олардың еңбектерін жоғары бағалады. Жұмысшыларға Абай ауданы әкімінің, Абай ауданы әкімдігі аппаратының «Абай» КММ басшысының атынан «Алғыс хаттар», «Еңбек озаты» төсбелгілері, «Құрмет грамоталары» және кәсіподақ ұйымының алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды.
Осы кездесудің тағы бір маңызды бөлігі – әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мектепке жол» акциясы аясында жүзеге асты. Акция аясында мекеме қызметкерлерінің мектеп жасындағы 120 баласына арнайы оқу құралдары мен мектепке қажетті жабдықтар дайындалып, жұмысшы ата-аналарға табысталды. Бұл шара ата-аналар үшін үлкен көмек болып, отбасы бюджетіне жеңілдік әкелді.
Мұндай бастамалар тек материалдық қолдау емес, моральдық ынталандыру ретінде де зор маңызға ие. Жұмыскерлер мұндай акциялар арқылы өздерінің еңбекке деген құрметін, ұйымның қолдауын сезініп, ортақ мақсатқа ұмтылудың маңыздылығын түсінеді. Сонымен қатар, кәсіподақ пен мемлекеттік мекеме арасындағы байланыс нығайып, өзара түсіністік пен ынтымақтастық арта түсуде.
Мұндай кездесулер мен акциялар — әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, еңбек қатынастарының мәдениетін нығайтудың тиімді құралы. Шымкент қаласындағы бұл бастамалар елдегі кәсіподақ қозғалысының нақты әрі мазмұнды жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.

