Жастарға арналған жұмыс мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді

Жастарға арналған жұмыс мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді

Шымкент қаласында жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету және оларды еңбек нарығына бейімдеу мақсатында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі ретінде Қырғы базар аумағында өткен іс-шараны айтуға болады. Бұл кездесудің басты мақсаты — жастарға мемлекеттік қолдау тетіктері мен бағдарламалар жайлы кең көлемде ақпарат беру болды.

Аталған жиын 2021–2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылып, жергілікті жастардың еңбекке орналасуына жағдай жасауға бағытталды. Кездесу барысында мамандар жұмыссыз жастармен ашық диалог жүргізіп, еңбекке араласудың нақты жолдарын түсіндірді. Көпшілігі алғашқы рет мұндай бағдарламалармен танысқанын айтып, сұрақтарын қойып, мамандардан тікелей жауап алды.

Жастарға ұсынылған негізгі бағдарламалардың бірі – «Жастар практикасы». Бұл жоба 29 жасқа дейінгі жас мамандарға өз мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Бағдарламаның ұзақтығы 12 айға дейін жалғасады, ал қатысушылар ай сайын 30 АЕК көлемінде еңбекақы алады. Бұл – жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында сенімді көпір орнатып, тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік.

Сонымен қатар, кездесуде «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы да кеңінен түсіндірілді. Бұл жоба аясында жұмыс берушілерге жалақының бір бөлігін мемлекет өтейді, ал жас маман тұрақты еңбек тәжірибесіне ие болады. Көбінесе бұл бағдарлама арқылы арнайы білімі болмаса да, белгілі бір салада өз қабілетін сынап көруге мүмкіндік туады.

«Қоғамдық жұмыс» бағыты да жиында талқыланды. Бұл жоба әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға жастарды уақытша тартуға бағытталған. Жұмыс ұзақтығы — 12 айға дейін. Мұндай қызмет түрі әсіресе жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға пайдалы. Олар қоғамдық жұмыстар арқылы еңбек тәртібі мен жауапкершілікті меңгеріп, жаңа ортада шыңдалады.

Тағы бір маңызды бағыт – «Кәсіптік оқыту» жобасы. Бұл бағдарлама арқылы жастар сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды тегін меңгере алады. Оқу мерзімі 3–6 ай аралығында жүргізіліп, оған қатысушыларға шәкіртақы төленеді. Осы оқуды аяқтаған соң, қатысушылар тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Кездесуге қатысқан жастар мемлекеттік қолдау түрлеріне қызығушылық танытып, арнайы ақпараттық парақшалармен танысты. Мамандар қатысушыларға Enbek.kz порталы арқылы қалай тіркелу, түйіндеме жасау, бос жұмыс орындарын іздеу жөнінде нұсқаулық беріп, кеңестер ұсынды.

Жастардың жұмыссыздығын төмендетуге бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ең бастысы – жастардың ақпаратқа қанық болып, белсенді әрекетке көшуі. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бағдарламалар жастардың болашағына сенім ұялатары сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...