Шымкент қаласында еңбек қауіпсіздігі мен халықтың еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық бөлімшесі белсенді түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Аталған комитет мамандарының айтуынша, негізгі назар жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын заң аясында реттеуге, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтауға, өндірістік жарақаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған.
Комитет тарапынан түрлі сала қызметкерлеріне, соның ішінде білім беру саласы мамандарына да түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, еңбек шартының электронды форматта ресімделу жолдары, еңбекақының уақытылы төленуі, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібінің заңға сай реттелуі жөнінде әдістемелік кеңес берілді. Бұл шаралар еңбек дауларының алдын алуға және жұмысшылардың құқығын сақтауға бағытталған маңызды тетік болып отыр.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша сенім телефондары, онлайн өтініштерді қарау жүйесі, сондай-ақ қабылдау күндері белгіленіп, халықпен тікелей байланыс арнасы жолға қойылған. Әрбір өтініш заң аясында қаралып, нақты шешім қабылданады. Жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында туындайтын даулы мәселелердің дені уақытылы шешімін тауып, тараптардың құқықтары қорғалып келеді.
Жақында өткен жиында ерекше көңіл бөлінген мәселелердің бірі – Бірыңғай цифрлық платформаның таныстырылымы болды. Бұл – әлеуметтік саланың барлық үдерістерін бір жүйеге біріктіретін мемлекеттік ақпараттық платформа. Аталған цифрлық жүйе азаматтарды тіркеуден бастап, әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау мен олардың орындалуына дейінгі барлық кезеңді автоматтандыруға бағытталған. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырып, бюрократиялық кедергілерді азайтады.
Сонымен қатар, жаңа цифрлық платформа бюджет қаражатының жұмсалуына ашық бақылау орнатып, құжаттардың шынайылығын тексеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жалған құжаттармен жұмысқа орналасу және әлеуметтік көмекті заңсыз алу жағдайларының алдын алуға сеп болады. Платформа денсаулық сақтау, білім беру, туризм және спорт салаларын да қамтып, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруге ықпал етеді.
Шымкент қаласының еңбек саласындағы осы бағыттағы жұмыстары еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заңнаманы сақтау деңгейін көтеруге және жалпы еңбек мәдениетін арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар қаладағы еңбек қатынастарын нығайтуға, өндірістік жарақаттардың алдын алуға және азаматтардың әлеуметтік қорғауын күшейтуге оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

