Шымкент қаласында әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалып келеді. Соның айғағы ретінде 2025 жылдың алғашқы айларында өткізілген мемлекеттік гранттар конкурсының қорытындысын атауға болады. Аталған байқау аясында 333 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде, яғни 1,57 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант берілді. Бұл – азаматтардың өз кәсібін бастауына, табысын арттыруына және экономикалық белсенділікке тартылуына берілген нақты мүмкіндік.
Гранттар екі лек бойынша бөлінді. Бірінші лекте 134 адам – оның ішінде 65 жеке кәсіпкер және 69 жұмыссыз азамат қолдау тапса, екінші лекте 199 адам – 101 жеке кәсіпкер мен 98 жұмыссыз азамат қаржылай көмекке ие болды. Жалпы конкурсқа 1756 өтініш келіп түскен, оның 336-сы мақұлданып, нақты 333 адамның есепшотына қаражат аударылды. Қалған екі өтінім иесінің есепшоттары бұғатталғаны себепті, гранттан бас тартуға мәжбүр болды.
Мемлекеттік қолдау әлеуметтік осал топтарға басымдық берумен ерекшеленді. Грант иегерлерінің ішінде көпбалалы отбасылардан шыққандар – 192 адам, мүгедектігі бар азаматтар – 51, мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар – 59, асыраушысынан айырылғандар – 22 және атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 9 адам бар. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік әділеттіліктің сақталғанын және нақты көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға бағытталғанын көрсетеді.
Алынған гранттар әртүрлі бағыттарда игерілуде. Қызмет көрсету саласы – 151 жоба, өндіріс саласы – 53 жоба, кондитерлік және нан өнімдерін шығару – 37 жоба, тігін – 35 жоба, жартылай дайын өнімдер – 24 жоба, мал және құс шаруашылығы – 12 жоба, жиһаз өндірісі – 4 жоба және фаст-фуд, ыстық тағам, кофе сияқты басқа бағыттар бойынша 17 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жобалар қаланың шағын және орта бизнесін жандандырып, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына сеп болып отыр.
Айта кетерлігі, қайтарымсыз қаржы берілгенімен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Еңбек мобильділігі орталығы жанынан құрылған мониторинг тобы әрбір грант иегерінің жобасын бақылап отырады. Егер қаржының мақсатсыз жұмсалғаны анықталса, мемлекетке кері қайтару талабы қойылады. Бұл – жауапкершілікті арттырудың тиімді тетігі.
Осылайша, Шымкент қаласы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, өзін-өзі қамтамасыз етуіне және кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты шараларды іске асыруда. Қайтарымсыз гранттар – бұл жай ғана көмек емес, бұл – өз кәсібін бастауға, қоғамда белсенді болуға және жаңа табыс көзін табуға жол ашатын әлеуетті бастама. Шаһар басшылығы алдағы уақытта да осындай бағыттағы бастамаларды жалғастыра бермек.

