Шымкент қаласында «Қалың қалай, бастауыш ұйым» және «Мектепке жол» атты республикалық акциялар аясында жұмысшылар мен олардың отбасыларына арналған әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жолы игі бастама Тұран ауданы әкімдігі аппаратының «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жалғасын тапты.
Іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол, мекеме басшысы Нұрбек Қанаев және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Дариха Раманова арнайы қатысып, мекеме қызметкерлерінің күнделікті жұмысы мен әлеуметтік жағдайымен танысты.
Кездесу барысында еңбек қатынастары, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымының қызметі, жұмысшылардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты ақпараттар ұсынылды. Мұндай кездесулер кәсіподақ пен еңбек ұжымының арасындағы байланысты нығайтып, өзара сенімді арттыруға септігін тигізеді.
Мерекелік шара барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай жұмысшылар арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтқанда:
-
«Еңбек озаты» төсбелгісімен Кенжебеков Нұрдаулет Махаббатұлы және Байменов Әуезхан Мұхтарұлы;
-
«Құрмет грамотасымен» Қалыбекова Майра Берікқызы, Бекзатов Жандос Қарабайұлы және Жалғасбаев Нұрсұлтан;
-
«Алғыс хатпен» Жүзбаев Нұрбол Байларұлы, Сұлтанбекова Гүлшат Лесбекқызы және Жұманов Мақсат Пәрімбайұлы марапатталды.
Бұл марапаттар – тек еңбекке берілген баға ғана емес, сонымен бірге ұжым мүшелерінің жұмысқа деген ынтасын арттыруға бағытталған маңызды рухани қолдау.
Сондай-ақ, шара аясында дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» акциясы ерекше мәнге ие болды. Акция шеңберінде жұмысшылардың мектеп жасындағы 100 баласына арналған оқу құрал-жабдықтары ата-аналарға табысталды. Бұл қолдау әсіресе көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін үлкен көмек болып табылады. Оқу құралдарына оқушыларға қажетті барлық заттар – дәптерлер, қаламсаптар, сызғыштар, түрлі-түсті қарындаштар және басқа да кеңсе тауарлары кірді.
Осындай қамқорлық шаралары ел ішіндегі әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, еңбек адамын бағалауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір көрінісі іспеттес. Жергілікті атқарушы билік пен кәсіподақ ұйымдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде еңбеккерлер мен олардың отбасы мүшелеріне нақты көмек көрсетілуде.
Мұндай іс-шаралар тек біржолғы акция ретінде емес, ұдайы жалғасатын жүйелі қолдау форматына айналуда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен өзара қолдауды қалыптастыруға ықпал етеді.

