Қызылордада Конституция күніне арналған мерекелік шара өтті

Қызылордада Конституция күніне арналған мерекелік шара өтті

Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мереке аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, ел дамуындағы Ата Заңның маңыздылығын атап өтті. Шараға Парламент депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым мен белсенді азаматтар қатысты.

Өз сөзінде аймақ басшысы соңғы жылдары Қызылорда облысында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Облыс бюджеті 823,4 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 226 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш халықтың әл-ауқатын көтеру мен инфрақұрылымды жаңартуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталып отыр. Аймақта 1,6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1400 тұрақты жұмыс орны құрылған. Алдағы үш жылда 2 трлн теңгеге жуық 89 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр.

Салтанатты жиында Конституцияның 30 жылдығына орай еңбек майталмандары мен сала үздіктері марапатталды. Еңбек ардагері Кеңесбек Махамбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы табысталып, бірқатар азаматтарға мерекелік медальдар, Құрмет грамоталары мен облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді.

Аймақтың сәулеттік келбеті де айтарлықтай жаңарған. 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 25 мыңға жуық тұрғын баспаналы болды. Әлеуметтік осал топтар үшін 5 мыңнан астам пәтер сатып алынған. Сонымен қатар, білім мен мәдениет салаларында да үлкен жетістіктер байқалады. 13 жаңа мектеп ашылып, барлық аудандарда «Руханият орталықтары», шығармашылық академиялар, музейлер мен музыка колледжі бой көтерген.

Бұл жетістіктер Конституцияға негізделген мемлекеттік тұрақтылық пен халық бірлігінің нәтижесі екенін атап өткен облыс әкімі еліміздің жарқын болашағы – әділетті, қауіпсіз және қуатты Қазақстан құру жолында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...