Сыр өңірінде ауыл спортын дәріптеген «Алтын күз – 2025» облыстық спартакиадасы мәресіне жетті

Сыр өңірінде ауыл спортын дәріптеген «Алтын күз – 2025» облыстық спартакиадасы мәресіне жетті

Қызылорда қаласында ауыл спортшыларының қатысуымен өтетін дәстүрлі «Алтын күз – 2025» XXXVIII облыстық спартакиадасы биыл да өз деңгейінде ұйымдастырылып, жоғары деңгейде қорытындыланды. ҚР Конституциясының 30 жылдығына орайластырылған ауқымды спорттық шараға облыстың жеті ауданынан 1000-ға жуық спортшы қатысып, 18 спорт түрінен бақ сынады.

Дүбірлі доданың ашылу салтанаты салтанатты түрде өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, еңбек ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы және басқа да құрметті меймандар қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мейрамбек Зинабдинұлы өз сөзінде: «Бұл жарыс ауылдық жердегі көптеген спортшылардың үлкен спортқа қадам басуына жол ашып отыр. Жастарды спортқа қызықтырып, оларға жеңіске деген сенім сыйлайтын бірден-бір алаң – осы спартакиада» – деп атап өтті.

Салтанат соңында жас спортшылар таеквондо мен көркем гимнастикадан қойылым көрсетіп, көрермендер ерекше әсерге бөленді. Сондай-ақ, гала-концерт ұйымдастырылып, кеш мерекелік көңіл күймен жалғасты.

Алғашқы жарыс күнінде қазақ күресі, жекпе-жек, жамбы ату және кикбоксингтен бәсекелер өтті. Қазақ күресінде Қармақшы ауданы үздік атанса, жекпе-жекте Шиелі спортшылары топ жарды. Жамбы атуда Жаңақорған, кикбоксингте де Шиелі ауданының спортшылары көш бастады.

Келесі күндері гір спорты, қол күресі, үстел теннисі, садақ ату, теңге ілу, аударыспақ, асық ату, бес асық және президенттік көпсайыс сияқты ұлттық және қазіргі заманғы спорт түрлері бойынша жарыстар жалғасты. Гір көтеруде Арал ауданының спортшылары қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынды иеленді.

Үстел теннисінде ерлер арасында Шиелі ауданы, әйелдер арасында Жалағаш ауданы оза шапты. Дәстүрлі садақ атуда Шиелі, ал қол күресте Қармақшы ауданы үздік нәтиже көрсетті. Аударыспақ, теңге ілу және асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінде Жаңақорған мен Сырдария аудандары көзге түсті.

Жарыстың соңғы күндерінде волейбол, баскетбол, гандбол және шағын футболдан жарыстар өтті. Ерлер арасындағы волейболдан Жаңақорған ауданы жеңіске жетсе, әйелдер арасында Сырдария ауданы топ жарды. Баскетболда Шиелі ауданының ерлер де, әйелдер де жеңімпаз атанды. Қол добында Жаңақорған ауданы бірінші орын алды, ал шағын футболда Қазалы ауданының командасы үздік нәтиже көрсетті.

Барлық спорт түрлері бойынша жиналған ұпайларды есептей келе, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды Жаңақорған ауданы, екінші орынды Жалағаш ауданы иеленді. Бас жүлде мен «Алтын күз – 2025» спартакиадасының чемпионы атағы Шиелі ауданына бұйырды. Айта кету керек, Шиелі ауданының командасы бұл жеңісті үшінші жыл қатарынан қайталап отыр.

Марапаттау рәсімінде облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Оңдасынұлы жарыс туын келесі жылы спартакиаданы өткізетін Жалағаш ауданына табыс етті.

«Алтын күз – 2025» спартакиадасы ауыл жастарын спортпен айналысуға ынталандырып, облыстық деңгейде бәсекелестік пен рухты қалыптастыруға зор үлес қосты. Осындай ауқымды спорттық іс-шаралар өңірде бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, жастардың патриоттық рухын күшейтіп, оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеудің маңызды тетігіне айналып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...