Түркістанның киелі мекендері – рухани туризмнің жаңа кезеңі

Түркістанның киелі мекендері – рухани туризмнің жаңа кезеңі

Түркістан облысы – тарихи, табиғи және рухани нысандарға бай өңір. Мұнда ғасырлар бойы сақталып келген киелі орындар мен табиғи ескерткіштер көптеп кездеседі. Солардың бірі әрі ерекше танымал нысан – Түлкібас ауданындағы Машат шатқалында орналасқан «Тамшы әулие». Бұл орын тек әсем табиғатымен емес, рухани тереңдігімен де ел назарын аударады. Түркістан облысының туризм саласын дамытудағы маңызды бағыттарының бірі – осындай киелі орындарды жаңғырту, олардың инфрақұрылымын жақсартып, халыққа қолжетімді әрі тартымды ету.

«Тамшы әулие» – өзінің бірегей табиғи құрылымымен ерекшеленетін мекен. Жартастың төбесінен үздіксіз тамшылап тұратын мөлдір су – бұл жердің тылсым сипатын арттыра түседі. Көпшілік бұл суды емдік қасиеті бар деп сенеді. Қанша ғасыр өтсе де, бұл су тоқтамастан ағып, сарқылмаған. Жартастың мүк басқан бедерлері мен ерекше пішінді тастары табиғи үйлесімділік туғызып, келушіні тамсандырады. Бұл табиғи-рухани нысан Түркістан облысының «Киелі жерлер картасына» енгізіліп, ресми түрде рухани және мәдени маңызы бар орын ретінде мойындалған.

Аудан аумағында 36 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 3 қонақ үй, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік-сауықтыру орталығы, 21 туристік база мен демалыс орны, сондай-ақ 4 киелі орын бар. «Тамшы әулие» – олардың ішіндегі ең көп қызығушылық тудыратын бағыттардың бірі. Мұндай нысандар тек ішкі туризмді ғана емес, шетелдік туристерді де тартуға әлеуетті.

Түркістан облысында табиғи және киелі орындарды дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жергілікті билік тарапынан туризм инфрақұрылымын жетілдіру, жол сапасын жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және санитарлық талаптарды сақтау сынды маңызды мәселелерге басымдық берілуде. Нысанға баратын жолдың жағдайы мен оның қолжетімділігі, экологиялық тепе-теңдікті сақтау – барлығы кешенді жоспармен реттеліп отыр.

2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Түлкібас ауданына 9 мыңнан астам турист келген. Бұл – өңір туризмінің даму қарқынын көрсететін нақты көрсеткіш. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылмен салыстырғанда келушілер санының артуы – табиғи демалыс орындарына деген сұраныстың жоғарылағанын білдіреді.

Түлкібас табиғаты өзінің альпілік сипатымен ерекшеленеді. Тау шатқалдары, таза ауасы, сарқыраған өзендері мен шипалы бұлақтары бұл өлкені экотуризм мен рухани туризмнің орталығына айналдыра алады. Мұндай табиғи-рекреациялық аймақтар халықтың денсаулығын жақсартуға, рухани байлығын арттыруға, сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор әсер етеді.

«Тамшы әулие» секілді киелі нысандар – тек діни немесе тарихи ескерткіштер ғана емес, сонымен бірге ұлттық руханияттың тірегі. Бұл мекендер – халықтың өткеніне құрмет, болашақ ұрпаққа аманат. Осындай нысандардың туристік әлеуетін арттыру – экономикалық тиімділікпен қатар, мәдени мұраны сақтауға бағытталған маңызды қадам.

Болашақта киелі орындардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасады. Қосымша демалыс аймақтары, ақпараттық тақтайшалар, жол бойындағы бағыттаушы белгілер мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нысандар салу жоспарланған. Сонымен қатар туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру да басты назарда болмақ. Бұл – келушілердің санын арттыруға, өңір экономикасын әртараптандыруға және тұрақты туризм қағидаттарын орнықтыруға жол ашады.

Табиғат пен тарихтың тоғысқан тұсы – Түркістан өңірі келешекте де рухани және экотуризмнің локомотивіне айналады деп сеніммен айтуға болады. «Тамшы әулие» секілді мекендер осы бағыттағы жұмыстардың жарқын үлгісі бола алады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...