Шымкентте «Парыз – 2025» конкурсына қатысу белсенділігі жоғарылады

Шымкентте «Парыз – 2025» конкурсына қатысу белсенділігі жоғарылады

Шымкент қаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Парыз – 2025» байқауына өтінімдер қабылдау кезеңі аяқталды. Биылғы жылы конкурсқа 18 мекемеден 19 өтінім қабылданып, бұл қаланың кәсіпкерлік құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілікке деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетті.

Биылғы конкурста «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясына 9 мекеме өтінім берді. Олардың қатарында «Dala-Construction.KZ» ЖШС, «Швейная Фабрика «Гаухар» ЖШС, «Shymkent jogary pedagogikalyq kolledji», «Орта-Азиялық Жоғары медициналық колледжі» секілді білім және өндіріс бағытында қызмет ететін ұйымдар бар. Бұл номинацияға қатысу арқылы кәсіпорындар өздерінің қызметкерлерге, жергілікті қауымдастыққа, әлеуметтік әлжуаз топтарға көрсеткен қолдауын паш етуді мақсат етеді.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында да белсенділік байқалды – 5 мекеме өтінім беріп отыр. Олардың арасында «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС, «QazAlPack» ЖШС, «Gold Aluminum» ЖШС секілді ірі өндіріс орындары бар. Бұл кәсіпорындар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларын ұсынып, жасыл экономика қағидаттарын ұстанып отырғанын байқатты.

«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» санатында биыл 2 жеке кәсіпкер өтінім берді – ЖК «Ali Trade» және ЖК «Woodern». Жеке кәсіпкерлердің де әлеуметтік бастамаларға белсене араласуы – қоғамдағы оң өзгерістердің айғағы.

Сонымен қатар, еңбек қатынастарын дамытуға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған номинациялар да назардан тыс қалған жоқ. «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» санатында 2 мекеме – «Karlskrona LC АВ» ЖШС және «Sagitex Group» ЖШС – өздерінің қауіпсіздік шаралары мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау бағытындағы жұмыстарын ұсынды. Ал «Үздік ұжымдық шарт» номинациясына «Alfa Med» ЖШС өтінім берген.

Айта кету керек, конкурс қорытындылары алдағы уақытта жарияланады. Қатысушы мекемелер өз салаларында ғана емес, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда да белсенділік танытып, қоғамға пайда әкелуге ұмтылып келеді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілуіне және әлеуметтік тұрақтылықтың қалыптасуына оң ықпал етеді. Байқауға қатысушылардың көп болуы Шымкенттегі әлеуметтік жауапты бизнестің дамып келе жатқанын көрсетеді.

Конкурс жеңімпаздары жарияланғаннан кейін олардың тәжірибесі басқа кәсіпорындарға үлгі болары сөзсіз. Жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері де осындай жобаларды кеңінен қолдап, әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін ілгерілетуге белсене атсалысуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...