Жұмысшы мамандықтарын қолдау аясында Дендросаябақта жәрмеңке өтті

Жұмысшы мамандықтарын қолдау аясында Дендросаябақта жәрмеңке өтті

2025 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты еліміздің барлық өңірлерінде жұмыссыздықты азайту және тұрғындарды еңбекке тарту бағытында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Осы орайда Шымкент қаласында да нақты істер қолға алынуда. Солардың бірі – Абай ауданындағы Дендросаябақта өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі.

Аталған іс-шараны Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысы бойынша, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен ұйымдастырылды. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – тұрғындарға жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен ақпарат беру, сонымен қатар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей диалог орнату.

Жәрмеңкеге әртүрлі салада қызмет көрсететін 20-ға жуық мекеме қатысты. Олар жүздеген бос жұмыс орындарын ұсынып, қатысушыларға өз талаптары мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жәрмеңкеге Павлодар облысынан делегация келіп, өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы аясында сол өңірдегі жұмыс орындарын таныстырды. Бұл бағдарлама еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі еңбек ресурстарының теңгерімсіздігін реттеуге бағытталған.

Шара қорытындысы көңіл қуантатын нәтижелермен аяқталды. Атап айтқанда, 80-нен астам азаматқа ақпараттық парақшалар таратылып, кеңес берілді. 38 азаматқа «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы орнатылып, қашықтан тіркелу және онлайн оқу бойынша кеңестер берілді. Жәрмеңке аясында 40-тан астам адам жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, олардың 36-сы нақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, 7 азамат жастар практикасына, 4 азамат қоғамдық жұмысқа жолданды. Ал 14 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді. Бұл көрсеткіштер жәрмеңкенің тек ақпараттық сипатта ғана емес, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.

Жәрмеңкеде азаматтар жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, өздеріне қолайлы қызметті таңдауға мүмкіндік алды. Тұрғындардың сұранысына ие болған бұл шарада ең көп ұсынылған мамандықтар қатарында дәнекерлеуші, электрик, оператор, күзетші, техникалық қызметкерлер мен тігінші секілді жұмысшы кәсіптер болды.

Жұмыспен қамту шараларының тиімділігі әлеуметтік желілерде де кеңінен насихатталып жатыр. Ақпараттық қолжетімділік – халықтың белсенділігін арттыратын маңызды құралға айналуда.

Мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын тауып, Шымкент қаласының тұрғындарын тұрақты әрі заңды еңбекпен қамтуға бағытталған маңызды құрал болады. Ең бастысы – әрбір азаматтың еңбек етуге ниеті болса, мемлекет тарапынан нақты қолдау бар.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...