Шымкентте өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі нақты нәтижелерге жол ашты

Шымкентте өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі нақты нәтижелерге жол ашты

Шымкент қаласында еңбек нарығын жандандыруға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Сайрам тұрғын алабындағы Мәдениет үйінде өтті. Іс-шараны Еңбек мобильділігі орталығы мен қалалық прокуратура бірлесе ұйымдастырып, қала тұрғындарына жұмыспен қамтудың нақты тетіктерін ұсынды.

Жәрмеңке аясында салалық басқармалар, аудан әкімдігі, полиция және прокуратура өкілдері азаматтарды көшпелі қабылдап, әртүрлі мәселелер бойынша кеңес берді. Шарада 20-дан астам жұмыс беруші мен Еңбек мобильділігі орталығының мамандары Enbek.kz порталында тіркелген екі мыңнан астам бос жұмыс орнын таныстырды. Олардың ішінде тұрақты және субсидияланатын уақытша жұмыс орындары болды.

Қаратау ауданының Мансап орталығы арнайы кеңес беру бұрышында келушілерге кәсіптік оқыту, қайтарымсыз гранттар, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару, мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналасу және Enbek.kz порталын пайдалану жолдары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Кеңес алушыларға қажетті құжаттар тізімі, өтінім беру тәртібі және жұмыс берушілердің талаптары түсіндірілді.

Іс-шара нәтижесінде бірқатар азаматтар нақты жұмыс орындарына жолдама алды. Солардың бірі – Бақтияр Сейдуллаев. Ұзақ уақыт бойы жұмыс іздеген ол «ЮГ Plastik.kz» ЖШС-не жолдама алып, өзінің қуанышын білдірді. Оның айтуынша, жәрмеңке туралы әлеуметтік желілер арқылы біліп, сол күні-ақ лайықты жұмыс тапқан.

Сондай-ақ, “Жастар практикасы” бағдарламасы арқылы заңгерлік қызметке жолдама алған жас маманның әкесі Ақылбек Ақанбаев ұлының жұмысқа орналасқанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Бұл тәжірибелік бағдарлама жаңа түлектерге алғашқы еңбек өтілін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, жәрмеңкеге 100-ден астам азамат қатысып, кеңес алды. Нәтижесінде 40-тан астам адам тұрақты жұмысқа, 21 адам субсидияланған жұмыс орындарына (оның ішінде «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары бойынша), ал 8 азамат кәсіптік оқыту курстарына жолданды.

Шымкент қаласында осындай жәрмеңкелерді ұйымдастыру – еңбекке қабілетті тұрғындарды жұмысқа орналастырудың тиімді тәсіліне айналып отыр. Бұл шара бір жағынан жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етсе, екінші жағынан жұмыс берушілерге қажетті кадрларды табуға жол ашады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Глава государства Касым-Жомарт Токаев ранее дал поручения по улучшению инфраструктуры в регионах и открытию производственных объектов. В этом...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде инфрақұрылымды жақсарту, өндіріс орындарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта...

Астанада өткен ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшылығы АҚШ Көлік қауіпсіздігі...