Шымкент қалалық онкологиялық орталыққа ПЭТ/КТ аппараты орнатылды. Ашылу салтанатына шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, құрылғының жұмысымен танысты.
Ядролық медицина орталығында жоғары технологиялық медицина қызметін көрсететін аппараттар орнатылған.
“Varian Halcyon” -қондырғысы арқылы науқастарға сәулелік терапия емі жүргізіледі. Мұндай құрылғы Өзбекстан, Тәджікістан, Қырғыстан сынды елдерде жоқтың қасы. Орта Азияда теңдесі жоқ құрылғы Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласындағы онкологиялық орталыққа орнатылды.
Айта кетейік, ПЭТ/КТ - бұл компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография. Басқаша айтқанда, глюкоза негізінде радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық аурулар мен бас миының ауруларына дәл диагностика жасауға мүмкіндік беретін аппарат.
Қатерлі ісіктің бастапқы пайда болу сатысын анықтауға және патологиялық процессті басқа әдістерге қарағанда ертерек білуге септігін тигізетін соны жабдық. Дәрігерлер заманауи құрылғының көмегімен обыр ауруларының ошағын дәл тауып, пациенттердің емдік шараларын дер кезінде бастауға мүмкіндігіміз көбеймек деп қуанды.
Ал қала басшысы ядролық медициналық кластер үшінші мегаполистің медициналық туризмін жетілдіретін бірден-бір тетік екенін айтып өтті.
- Өйткені біз Шымкент қаласына ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының халықтарына қызмет көрсете аламыз… Ата заңымыздың басты құндылығы халқымыздың денсаулығы екенін ескерсек, атқарып жатқан іс шаралар өмірдің талабы. Қымбат тұратын медициналық қызметтің бұл түрі енді жергілікті халыққа қолжетімді болады”,-деді М.Әйтенов.
Еске салар болсақ, Шымкенттегі онкологиялық орталықта Нұрсұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларының онколог-дәрігерлерінің қатысуымен "Онкологиялық тәжірибедегі интервенциялық хирургияның өзекті мәселелері" тақырыбында екі күндік шеберлік сабағы басталды.
Шараны ұйымдастыру үшін орталық базасы арнайы таңдалған. Өйткені Шымкент қаласы онкологиялық орталығы дәрігерлерінің онкологиялық науқастарды емдеуде интервенциялық рентгенологиялық араласуларды орындауда өте тәжірибелі.
Шеберлік сағатында мамандар өзара тәжірибелерімен алмасады. Рентгенхирургияның заманауи әдістерін қолдана отырып, пациенттерге онкологиялық көмек көрсетудің замануи әдістерін, пациенттерді қатерлі ісік және бауыр ісігі аурулары кезінде химиоэмболизациялауға іріктеу, бас және мойын ісіктері кезінде өңірлік химиоинфузия, өкпе және жатыр мойны обыры, сондай-ақ бүйрек обыры мен жамбас ісігі ауруларында ісіктерді эмболизациялау мүмкіндіктерін талқыламақ.
Былтыр Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің, денсаулық сақтау басқармасы басшысының қолдауымен және орталық басшылығының белсенді жұмысының нәтижесінде “Phillips azurion-7” заманауи ангиографы орнатылған. Бұл онкологтар үшін де, рентгенхирургиялық ем алатын науқастар үшін де соңғы үлгідегі таптырмас құрал.
Жыл басынан бері бұл ангиографта жоғары технологиялық емдеу санатына жататын бауыр, өкпе, бүйрек және жамбас қатерлі ісігінің химиоэмболизациясы бойынша 150-ден астам ота жасалды.
Орталықтың еліміздің түкпір-түкпірінен келетін пациенттерді де қабылдауға мүмкіндігі мол.
ОРТА АЗИЯДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ҚҰРЫЛҒЫ АЛҒАШ РЕТ ШЫМКЕНТТЕГІ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚҚА ОРНАТЫЛДЫ

