Шымкенттегі «Айна» базарда өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандары өртті сөндіру және адамдарды құтқару тәсілдерін пысықтайтын оқу-жаттығу өткізді.
Тілсіз жау көбінде электр сымдарының қысқа тұйықталу салдарынан орын алады. Оқу-жаттығу тактикасы осы негізде басталды.
Қызметтік күштер мен құралдары №2 шақыру бойынша оқиға орнына жөнелтілді. Осы жерде жедел өрт сөндіру штабы құрылды. Ауа температурасы көтеріліп, қою түтін пайда болды, адамдардың өміріне қауіп тудырды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің тез және кәсіби әрекет етуінің нәтижесінде өрт ошағы тез табылып, өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккен 2 адам құтқарылып, апаттар медицина орталығының қызметкерлеріне тапсырылды.
Оқу-жаттығуға жеке құрамнан 25 адам, офицерлік құрамнан 35 және 5 негізгі, 1 мақсатты өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндіруші және құтқарушылардың бірігіп атқарған нақты іс-қимылдарының нәтижесінде өрт ошағы тез арада оқшауланып, жарты сағатқа жетпей толық сөндірілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссия отырысында өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйін бақылауға алуды тапсырған болатын.
Осыған сәйкес "Су ресурстары маркетингі" ЖШС мен Су құбыры және канализация басқармасы көшелерде жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіруді бастады.
Айта кетейік, шаһар басшысы өз тапсырмасында қызыл жалынды сөндіруде өрт сөндірушілер және арнайы техникамен бірге су гидранттары да аса қажет деп ескертіп өткен.
Өрт сөндіру гидранттары - қалалық су жүйесінен арнайы орындар бөлініп, өрт сөндіру көліктері жалғанатын бұрандалар. Былайғы кезде жабулы тұрып, сол маңда өрт шыққан жағдайда арнайы техника қосылып, су алады. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде гидранттар әрдайым дайын тұруы тиіс.
Тапсырманың орындалуы бойынша ТЖ департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының ұйымдастыруымен жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиын барысында қала әкімдігі тарапынан 2013 жылы орнатылған 23 өртке қарсы пирстердің қазіргі ахуалы талқыланып, кемшіліктерді жою бойынша шешім қабылданды және олардың жарамдылығы қатаң тексеріліп, жауапты мекемелерге ұсыныстар жолданды.
Жалпы Шымкент қаласының аумағында барлығы 4 913 өрт гидранттары есепке алынды. Оның ішінде көшелерде
4 011, объект аумағында 902 өрт гидранттары орналасқан. Барлығы бақылауда.
ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ШАРАСЫН ӨТКІЗДІ

